Кубок жолдамасы – машинистерде

Қызылорда станциясында «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының Кубогын сарапқа салған шағын футбол ойыны өткізілді. Бұған дейінгі Қазалы, Сексеуіл және Шиелі тораптық станцияларындағы іріктеу турнирлерінің жүлдегерлері бас қосқан ойын кәсіби деңгейде өтуімен ерекшеленді.
Жартылай финалға Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының «ШЧ-40» құрамасы, Қызылорда жол дистанциясы Шиелі телімінің «ПЧ-Шиелі» командасы, Қазалы электрмен жабдықтау дистанциясының «ЭЧ-26» командасы мен Қызылорда локомотив пайдалану депосының «ТЧЭ-34» құрамалары айналмалы тәсілмен ойын өткізіп, жеңімпазды анықтауға күш салды. Командалық ойынды жақсы меңгерген және аймақтағы футбол ойындарының жеңімпаздары қатарындағы «ТЧЭ-34» құрамасы турнир басталғаннан-ақ алға шықты.
Олардың алаң ортасынан ойынға қосылған допты қақпақылдап шебер алып жүруі, әріптесіне нақты пас беруі, қақпаға бағытталған допты кедергісіз кері қайтаруы секілді ойын өрнектері кәсіби ойыншылардан бір кем болмады. Ақтық сында қазалылық «ЭЧ-26» командасымен болған ойында да машинистер құрамасының басымдығы байқалды, есеп айырмасы айтарлықтай алшақтамағанмен финал жолдамасы машинистер құрамасының қанжығасына байланды.
– Кубок финалына берілетін жолдама Қызылорда локомотив пайдалану депосының командасына бұйырды. Енді олар Орал қаласында өткізілетін финалдық ойында аймақ намысын қорғайтын болады. Жартылай финалдық ойынға командаларымен бірге келіп, оларға жанкүйер бола білген, жалпы жыл бойы өткізілетін спорттық жарыстарға командаларды дайындап әрі демеушілік жасаған мекемелердің кәсіподақ ұйымдарына алғыс айтамыз,– деді спорт секторы Бақытжан Имбергенов.
Қатысушы командаларға кәсіподақ ұйымы тарапынан әзірленген кубок, диплом мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Сабырхан Сейілбекұлы