Биыл Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің балаларды жазғы сауықтыру шараларымен қамту жоспарына сәйкес теміржолшылардың 300 баласы лагерьде демалды.
Осы аптада 4 тамыз күні онкүндік демалысқа аттанған 75 жас жеткіншек қала сыртындағы сауықтыру орталығында биылғы соңғы маусымын аяқтап, отбасыларына оралмақшы. Олар Қаратау тау шатқалында орналасқан «Тау самалы» лагеріне жолдамамен жіберілген болатын.
– Биылғы маусымда балалар Түркістан облысындағы «Машат», Қаратау тау шатқалындағы «Тау самалы» лагерьлерінде демалды. Маусым айында 50 жеткіншек көрші Түркістан облысындағы, тағы елу бала Қаратау тау шатқалындағы лагерьге барып келді. Шілдедегі екінші лекпен 125 бала жіберілді. Тамыз айының басындағы жолдамаға ие болғандар соңғы лек. Жазғы сауықтыру маусымының үш кезеңінде 300 бала демалды, – дейді Жамбыл бөлімшесінің кадрлар бөлімінің басшысы Меруерт Баймұрзаева.