Ата заң мерекесі қарсаңында Астанадағы көлік полициясы департаментінің өкілдеріне «ҚТЖ» ҰК» АҚ музейінде экскурсия өткізілді. 20 адамнан құралған тәртіп сақшылар тобы теміржол саласының жәдігерлері мен құнды құжаттары орналасқан музейді аралап, үлкен әсер алды. Жас полицейлерге биыл 120 жылдық мерейтойын атап өтетін ел экономикасының негізгі тірегі – темір жолдың құрылу тарихы, дамуы мен қалыптасуы туралы айтылды.
Экскурсияға қатысушылар теміржолшылардың жылдар бойы жинаған бірегей жәдігерлерін тамашалады. Оның ішінде мұрағат құжаттары, марапаттар мен сирек кездесетін фотоматериалдар, станция басшылары мен машинистер киетін әр кезеңдегі теміржолшылардың қызметтік киімдері бар. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментінің ардагерлері кеңесінің төрағасы Есболат Шаймерденов атап өткендей, мұндай іс-шаралар жас қызметкерлердің дүниетанымына оң әсерін тигізіп, отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
– Құқыққорғау органдарының ішінде көлік полициялары басында теміржол полициясы ретінде құрылған. Сондықтан біз тарихи жағынан да, қазіргі таңда да теміржолмен тығыз байланыстамыз. Міне, бүгін бір топ қызметкерімізді осы музейдегі деректер арқылы теміржолдың тарихымен де терең таныстыру үшін келіп отырмыз. Осы ретте бізді қонақжайлықпен қарсы алып, музейдегі құнды мұралар туралы толық хабардар еткен музей менеджері Ақмарал ханымға, жалпы ҚТЖ компаниясына алғыс білдіреміз, – деді Е. Шаймерденов.
Астана станциясы бойынша желілік тәртіп сақшыларына теміржолдың тарихи бастауында тұрған тұлғалар жайлы, бастапқыда қандай технологиялар қолданылғаны жөнінде музей менеджері Ақмарал Құдасова мол мәлімет берді.
– Келген қонақтарға Түрксіб теміржолымен байланысты деректер өте қызықты болды. Сонымен қатар теміржолшылар әр дәуірде киген жұмыс формалары да назар аудартты. Экскурсияның ұнағаны сондай, басқа да әріптестерін осында әкелуге ниет білдірді. Қазіргі таңда бұл мұражайда 1000-нан астам экспонат бар, соның ішінде 100 жылдық пеш және басқа құнды мұралар қойылған, – дейді музей менеджері.
Жалпы бұл музейге студенттер мен оқушылар, болашағын теміржолмен байланыстыратын жастар да жиі келіп қонақ болады. Оларды музейдегі жәдігерлерден бөлек ҚТЖ ғимаратының ерекше ішкі келбеті де тамсандырады.
ҚТЖ мен Көліктегі полиция басқармасы теміржол көлігі нысандарында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды жүргізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенді ынтымақтасуда. Полиция өкілдерін бастап келген департаменттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Есболат Шаймерденов бұл экскурсия көптен бері жоспарланып, енді орындалғанын жеткізді.
Райхан Рахметова
Суретті түсірген Александр Жабчук