Кәсіподақ ұйымдары балаларға оқу құралдарын таратты

“ҚТЖ-Жүк тасымалы” ЖШС Батыс филиалының кәсіподақ ұйымы 149 баланы мектепке дайындады. Қызметкерлердің бастауыш сыныпқа баратын балаларына оқу құралдары толық таратылды.

Ақтөбе өңірінде теміржол мекемелерінің кәсіподақ ұйымдары жаппай мектеп керек-жарақтарының қажетті жиынтығын алды. Теміржолшылардың балалары дәптер, альбом, қарандаш, қалам мен пластилин, түрлі түсті қағаздарды соның ішінен таба алады.

“Жылда кәсіподақ ұйымы атынан қызметкерлеріміздің бастауыш сыныптарда оқитын балаларына мектеп құралдары таратылады. Бұл бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде жалғасып келеді.  Құралдар алыс станциялар мен разъездегі балаларға толық таратылды. Бұл компания атынан берілетін белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі көмектен бөлек. Сонымен қатар, кәсіподақ атынан көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетеміз”, – деді Батыс филиалының кәсіподақ ұйымының төрағасы Самат Ұлмағамбетов.

Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау ұлттық компанияның басты басымдықтарының бірі. Қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін арнайы бағдарлама аясында жұмыстар жолға қойылған.

Балаларды мектепке дайындауға атсалысу қазір Ақтөбе өңіріндегі барлық станцияларда кәсіподақ ұйымдары атынан ұйымдастырылып жатыр. Кеше Шалқар ШЧ -3 кәсіподақ ұйымы атынан 1сыныпқа баратын 36 балаға сөмке толы оқу-құралдар таратылды. Ақтөбедегі электрмен жабдықтау дистанциясының бөлімшелері де әр ауданда таратып жатыр. 

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе