Жеңіс тұғырынан көрінді

Жуырда байтақ Абай облысында республика бойынша өткізіліп жатқан «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Қоғамдағы отбасы мәртебесін көтеруге бағытталған шараға қатысқан үш теміржолшы әулеті жеңіс тұғырынан көрініп, мәртебесі өсті.

Отбасы институты, адамгершілікті, рухани құндылықтарды нығайтып, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, отбасындағы ең бағалы дәстүр-дағдыларды өскелең ұрпаққа ұғындырып, қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттауды мақсат ететін дәстүрлі байқауға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 100-ден аса отбасы қатысып, облыстық кезеңге тек санаулылары ғана өтті. Әскерилер, полиция, дәрігерлер мен мұғалімдер отбасылары қатысқан айтулы сыннан бір емес, үш бірдей теміржолшылар отбасы қара үзіп шығып, жеңімпаз атанды. Облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып, арнайы сыйлыққа ие болған олардың барлығы да өздері тұратын аудандар бойынша бас жүлдені еншілеп, жүзден жүйрік атанған жеңімпаз жанұялар.

Алғашқылар қатарында салтанатты түрде марапатталған Жарма өңірінен келген теміржолшылар әулеті – Манхановтар болды. Бұл отбасы мүшелерінің дені желі бойындағы байланыс және белгі беру саласында еңбек етеді. Отағасы Толымбек Қамалиұлының еңбек өтілі 35 жылдан асады. Зайыбы Зубайда Аблахатқызы да ШЧ-30 дистанциясының Жарма станциясында абыроймен еңбек етіп келеді. Ұлдары Әлібек ШЧ-29 мекемесінде электромеханик. Барлық қоғамдық шараларда алдыңғы қатардан табылып, ұлттық өнерді де насихаттап жүр.

Келесі кезекте жұртшылық алдына шыққан Тоқтаровтар отбасы – Жаңа-Семей ауданы бойынша «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы. Отағасы Айдос Заманбекұлы Шаған станциясының бастығы. Бірнеше мәрте Семей ЖТ бөлімшесі бойынша өткізілген «Үздік станция бастығы» байқауының жеңімпазы атанған. Зайыбы Гүлдана екеуі спортты серік етеді, көпбалалы отбасы. Шағын ғана станцияның шырайын келтіріп, абаттануына үлес қосып жүрген жұп.

Сонымен қатар Аягөз станциясынан келген Сағатбековтер әулеті де марапатталды. Отағасы Медет Бахтыақынұлы Аягөз локомотив пайдалану депосының озат машинист көмекшісі. Төрт перзент тәрбиелеп отырған үлгілі әке.

Байқау жүлдегерлері естелік сыйлықтар мен ақшалай сертификаттарға ие болды. Салтанатты іс-шара соңы арнайы мерекелік концертке ұласты.

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей

Суретті түсірген автор