Қазақстан теміржолының 120 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан спорттық шаралар жалғасуда. «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының ұйымдастыруымен теміржолшылар арасында волейболдан өткен жарыс сергектікті серік еткен жандарды жеңіске жеткізді.
Спорттық сайысқа Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының «ЭЧ-25», Қызылорда локомотив пайдалану депосының «ТЧЭ-34»,Қызылорда ЖТ бөлімшесінің «НОДГП-10», Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің «НЖС-10» және Белкөл станциясының «ДС Белкөл» құрама командалары қатысты.
Шеңберді тәсілмен өткен ойында бәсекелесінің шабуылына лайықты тойтарыс жасаған құрама есеп айырмасымен келесі кезеңге өтеді. Нәтижесінде Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының «ЭЧ-25» командасы жүлделі 3-орынды, Қызылорда ЖТ бөлімшесінің «НОДГП-10» командасы 2-орынды иеленсе, 1-орынды Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің «НЖС-10» құрамасы қанжығалады.
– Қазақстан теміржолының 120 жылдығына байланысты жоспарланған волейбол жарысы мәреге жетіп, Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің командасы жеңімпаз атанды. Әріптестеріміздің бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын ұстанып әрқашан сергек жүруі осындай спорттық бәсекелерде жемісін береді, – деді бөлімшенің спорт секторы Бақытжан Имбергенов.
Командалар бұған дейінгі өткізілген жарыстарға қатысып жүрген сыралғы командалар болғанмен, бүгінгі ойында тартысты, әсерлі әрі қызықты өтті. Ойын ережелерін өрескел бұзу жағдайы болған жоқ. Жүлдегерлерге кубок, диплом және қаржылай сыйлық берілді.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Суретті түсірген автор