Модульдік жатақханалар көбейді

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның арнайы жобасы аясында қолға алынған модульдік жатақханалар түзде жұмыс істейтін теміржолшылар үшін тамаша мүмкіндік туғызып отыр. Шалқар жол дистанциясында өткен жылы он модульдік жатақхана тұрғызылса, биыл тағы үшеуі қатарға қосылмақ.
Бүгінгі таңда Шалқар жол дистанциясы аумағына қарасты Құрлық, Сардөлек және Қопатай разъездерінде жаңа модульдік ғимараттардың құрылысы жүріп жатыр. Дистанцияның бас инженері Қуаныш Құламановтың айтуынша, құрылыс жұмыстары биыл толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі.
«2023 жылы 10 модульдік жатақхана пайдалануға берілді. Олар Көкала, Жаңа, Домбар, Бейімбет, Аққайтың, Сарыжиде, Бүйректөбе, Кеңдала, Төсбұлақ, Ақкеспе разъездеріне қойылды. Ауа райымен санаспай, үйдегісінен түздегісі көп сыртта жүріп еңбек ететін жолшылар үшін бұл өте игілікті жоба болды. Жатақхана кәдімгі тұрғын үйден еш кемдігі жоқ, барлық қажеттіліктермен толық қамтылған. Өте ыңғайлы. Жұмыстары бітпесе жолшылар кейде қонып та қалады. Сондайда бұл үйлердің көмегі зор болып тұр. Тамағын жасап ішіп, жуынып-шайынып, тап-таза жайлы төсекте демалады. Теміржолшылардың әлеуметтік жағдайын жасау бағытында компания қолға алған жобаның игілігін молынан көріп отырмыз. Биыл тағы үшеуін іске қосамыз», – деді Қуаныш Құламанов.
Шалқар жол дистанциясы 589,7 шақырым жолға қызмет көрсетеді, 400-ден аса теміржолшы еңбек ететін ұжымда 22 айналым бар. Қазіргі уақытта дистанция алдағы қысқа дайындық үстінде. Тассайдағы техникалар тұратын ғимарат, Тоғыз станциясындағы кеңсе және дистанция басындағы шеберхана жөндеуден өтіп жатыр. Ғимараттардың есік-терезесі жаңарып, шатырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Ардақ Ерубаева