Маңғыстау теміржолының қыз-келіншектері енді тегін фитнес залда қалағанынша жаттығып, сымбаты мен денсаулығын күте алады. Түбек теміржолының алпыс жылдық мерейтойына орай бөлімшенің бас ғимаратынан әйелдерге арналған фитнес залы жабдықталып, қолданысқа берілді.
Маңғыстау қосалқы бөлімінің бастығы Нәжімеден Ғұбашов пен аймақтық кәсіподақ ұйымының жетекшілері оның ашылуына қатысып, ерлермен бір сапта иық тіресе еңбек етіп, сонымен қатар отбасының ұйытқысы болып, қос міндетті қатар алып жүрген теміржолшы арулардың еңбегіне алғыс айтып, әдемі жабдықталған залда бос уақыттарын тиімді өткізулеріне тілектестік білдірді.
– Біз сіздерде қашан да көтеріңкі көңіл-күйде, ширақ та сау-саламатта жүргендеріңізді қалаймыз, – деді Н. Бақтығалиұлы.
Бұл жаңалыққа риза болған қыз-келіншектердің қуанышында шек жоқ. Көбі ертеңіне-ақ жаттығуды бастаймыз десті. Әр құрылғыны бір сынап көріп, мәре-сәре болды. Айта кетсек, фитнес залының кабинеті ғимаратта бар екен. Осыдан оншақты жыл бұрын ашылып, жаттығу құрылғылары көп болмағандықтан пайдаланылмай, ескіріп, істен шығып, кабинет құлыпталып қалған. Енді сол бөлмеге жөндеу жүргізіп, жаңадан жаттығу бұйымдарын алып, толығымен қайта жабдықталған. Жүгіру дорожкалары, велосипедке, зілтемірге, үстел теннисіне, тренажерлік дискілер, секіретін құрылғыларға дейін алыныпты.
– Фитнес – денсаулықтың кепілі. Бұл бізге өте жақсы мүмкіндік болды. Тек қана спорттық сайыстарға қатысушылар емес, кез келген әйел енді осы залда жаттығып, өзін шынықтырып, сымбатын арттыра алады. Осындай жағдай жасап отырған басшылыққа көп рахмет! Мына құрылғыларды сынап көргенше асықтық. Басшылардың айтуынша, бір қабырғаны тұтас алатын үлкен айнаға да тапсырыс беріліпті. Онда тіпті бәлен мың теңгемен кіретін фитнес клубтардан еш кемі болмайды. Алғысымыз шексіз! – дейді Маңғыстау қосалқы бөлімінің қызметкері Гүлсанем Шамсиева.