Ғасырлық тарихы бар депо

Бір ғасыр бұрын құрылған Жамбыл локомотив депосының тарихы Арыс – Пішпек теміржолымен тамырлас. Деректерде «Әулиеата паровоз депосы 1924 жылы 7 қарашада ашылды» деп көрсетіледі.
Арыс – Пішпек теміржолының құрылысы 1914 жылдың 15 шілдесінде басталып, 1917 жылы Боранды бекетіне келіп тоқтап қалған. Осы құрылыста тұңғыш жоғары білімді теміржолшы-қазақ инженері Мұхамеджан Тынышпаев жұмыс істеген. Тек үш жылдан кейін теміржол құрылысы Жамбыл жеріне жеткен. 1924 жылы Ташкент – Арыс – Әулиеата – Луговая – Пішпек теміржолы қосылған соң паровоз депосы салыныпты.
– 1924 жылдың шілде айында жол төсеу жұмыстары Әулиеатадан Қайыңдыға жеткен. Осы уақытта теміржол құрылысымен бірге Әулиеатадағы депоның да іргесі қалана бастаған екен. Сол жылы 8 тамызда жол Пішпекке жеткен. Жалпы ұзындығы 166,5 шақырымды құрайтын магистраль 7 айда салынып біткен. Ал 1 қыркүйекте Жетісу теміржолы ресми түрде пайдалануға берілді, – деп тарихтан сыр шертті Жамбыл бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бауыржан Найманбаев.
Бастапқыда депода «О», «НП» сериялы паровоздар қолданылған. «Е», «СУ» сериялы паровоздар соғыстың алдында келе бастапты. Ал «СО», «ЛД» «ФД» паровоздары Жамбылға соғыстан кейінгі 1955-1960 жылдары келген.
Көп ұзамай түтіні будақтап, көмірмен жүретін паровоздар қолданыстан шығып, тепловоздар дәуірі басталады. 1958 жылы Жамбыл депосына «ТЭ-1», «ТЭ-3» сериялы тепловоздар келеді. Осыған байланысты локомотив бригадаларын да, жөндеу персоналын да тепловоздарды жүргізу және жөндеуге қайта даярлау қолға алынған.
1969 жылы өндіріске 2ТЭ10Л сынды қуатты тепловоздар келе бастайды. Бұл – комсомол-жастар бригадаларының жұмысы қанат жая бастаған кез. Тіленші Аппаев бастаған комсомол-жастар бригадасының даңқы кең тарап, КСРО Қатынас жолдар министрлігінің түрлі марапатына ие болып, 1971 жылы 16 қаңтарда Т. Аппаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Жамбыл локомотив депосында пойыздардың артуына байланысты қолданыстағы паркі де өсе түскен. Шамамен олардың саны – 3TE10M сериялы 120 тепловозды, 2TE10L және 2TE10V сериялы 15 тепловозды және TEM2 сериялы 35 тепловозды құраған. Теміржолдағы қозғалыстың, жүк және жолаушылар тасымалы көлемінің өсуіне орай тепловоздарды күрделі жөндеу қызметін (ТО-8) енгізу қажеттігі туындайды. Дерекке сүйенсек, Жамбыл локомотив пайдалану депосында мұндай цех 1984 жылы салынып, электромашиналық, доңғалақ жұптарының бандаждарын ауыстыратын токарлық, дизельдерді жөндеу және құрастырушы бөлімдері іске қосылады.
1989 жылы Арыс-Шу учаскесін электрлендіру басталады. 1991 жылы 29 желтоқсанда алғашқы электровоз Түлкібас – Бурный аралығында жүріп өтті. Сол жылы Жамбыл локомотив депосына алғашқы 6 электровоз келеді. 1991-1994 жылдары Түлкібас – Жамбыл – Луговая – Шу учаскесін электрлендіру толығымен аяқталып, электровоз тартымына толық көшірілді. 1993 жылы депода тепловоздарды жуу цехының базасында электровоздарды жөндеу цехы ТО-6 іске қосылды. Ал бір жылдан кейін Алматы теміржолы бастығының арнайы бұйрығымен ТО-8 тепловозды көтерме жөндеу цехы электровоздарды жөндеуге лайықталып қайта жабдықталады.
1995 жылғы 1 сәуірде қайта жаңартудан өткен ТО-8 цехына алғаш рет жөндеуге № 2403 ВЛ80С электровозы жеткізіледі. Депо мамандары Атбасар және Ақмола деполарында ТО-8 циклдары бойынша жөндеу технологиясын үйреніп, тәжірибе алмасып қайтты. 1999 жылы депоның 75 жылдығына орай электровоз цехын қайта құру толық аяқталды.
– Өткен жүз жылда осындай тар жол, тайғақ кешуден, қайта құрылымдаудың сан түрінен өткен байырғы депо қазіргі таңда электровоздық және тепловоздық тартым бойынша жұмыс істейді. Электровоздар Жамбыл – Шу, Жамбыл – Түлкібас, Жамбыл – Түрксіб бағыттарына, тепловоздар – Жамбыл – Қаратау – Жаңатас бағыттары бойынша, Бугун – Ақтаутас, Асса-Фосфор, Қаратау өнеркәсіп алаңындағы күрделі бейінді учаскелеріне қатынайды. Депода барлығы 750 адам еңбек етіп, аға буынның абыройлы ісін жалғастырып отыр, – дейді Жамбыл локомотив пайдалану депосы бастығының міндетін атқарушы Айдар Чокабаев.