ҚТЖ компаниясының волонтерлықты дамыту бойынша осымен екінші рет ұйымдастырып отырған сайысында өз жобасымен қатысқан маңғыстаулық жастар жеңіске жетті.
Астана қаласында өткен корпоративтік волонтерлар мектебі еліміздің әр аймағынан келген командаларды қарсы алды. Аталған сайыстың мақсаты аймақтардағы волонтерлықты дамытуды көздейді. Еріктілер сапында тұрып, қайырымды, қоғамға қажетті игі іс-шараларды атқаруына үндейтін бұл жоба бойынша өңірлерден барған командалар өз ұсыныстарын қорғайды. Маңғыстаулық жас теміржолшылар жолаушылар көлігінен шыққан қоқыстарды қайта кәдеге жарату жобасын ұсынған. Жоба ұйымдастырушылар көңілінен шығып, жүлделі орынға ие болған.
– Қазіргі күнде волонтерлық әлемнің барлық жерінде жылдам дамып, соның нәтижесінде түрлі топтағы адамдар, қоғамдағы көп мәселелер шешімін тауып жатыр. Ұлттық компания да бұл мәселеге көңіл бөліп, түрлі бастамаларды қолға алуда. Өйткені әр аймақтың өзінің проблемасы болады. Соның бірі немесе бірнешеуі еріктілер арқылы шешімін тапса жаман ба?! Біз бұл сайысқа жолаушылар пойызынан шыққан қоқыстарды сұрыптау пунктін ашу және оны өңдеуге жіберу жобасын жасаған едік. Себебі бұл мәселенің болуы табиғи жағдай, оны керісінше қажетті дүниеге айналдыру жобамыздағы басты міндет болды. Жұмысымыз комиссия мүшелерінің көңілінен шықты. 12 команда ішінен бас жүлдені алдық, – деді түбек теміржолшы жастарының өкілі, Маңғыстау вагон депосының вагон қараушысы Қуатбек Көпбаев. Айтуынша, енді демеушілер табылса, жобаны жүзеге асыруға білек сыбана кіріспек.