Вы сейчас просматриваете Жаңа-Семей станциясы жаңаруда

Жаңа-Семей станциясы жаңаруда

Ел шығысындағы Семей теміржолының 661,5 шақырымында орналасқан бірінші класты Жаңа-Семей жүк станциясын жаңғырту мен дамыту шаралары қолға алынуда. Бұл – ұлттық компания басшылығының алдағы жылдарға қойып отырған негізгі міндеттемесі.
Жалпы, аталмыш станцияны дамыту жұмыстары осыдан екіүш жыл бұрын қолға алынған еді. Атап айтсақ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Цифрлық трансформация» бағдарламасының «Маневрлік жұмыстың тиімділігін арттыру» жобасы аясында қанатқақты іс-шаралар басталған болатын. Яғни, Семей ЖТ бөлімшесі бойынша маневрлік локомотивтерді пайдалану уақытын бөлек есепке алудың автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу дәл осы Жаңа-Семей жүк станциясынан бастау алған-ды.
Аталмыш бағдарлама маневрлік локомотивтердің нақты жүктемесін бағалауға, деректерді өңдеудің сенімділігін арттыруға, адам факторының әсерін азайтуға, станция жұмысындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмауға, сондай-ақ жалпы өнімділікті арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде станцияда осыған дейін ЖТ-5 бөлімшесі бойынша қозғалыс қауіпсіздігі саласында еңбек еткен білікті маман Дәулет Сүлейменов басшылық етуде. «Жас келсе іске» демекші, жаңашыл шараларды қолға алуда. Бұл ретте өткен айдың басында Семей шаһарына арнайы жұмыс сапарымен келген ұлттық компания басшылығының алдында Жаңа-Семей станциясының жүк айналымын реттеудегі әлеуетін дәлелдеп берген болатын.
– Қазіргі таңдағы Достық – Мойынты учаскесін жаңғыртудан және жаңа Бақты – Аягөз желісін салудан кейін күтілетін жүк ағынын қамтамасыз ету үшін Семей ЖТ бөлімшесінің алдына инфрақұрылымды дайындау және дамыту бойынша тың міндеттер қойылып отыр. Осы орайда аймақтағы ең ірі жүк станциясы ретінде Жаңа-Семейдің техникалық жай-күйін жақсарту жұмыстарын күшейту, сондай-ақ дамыту жөнінде іс-шаралар жүргізу тұр, – дейді бұл хақында станция бастығы.
Жалпы, бөлімше бойынша жасақталатын ауыр салмақты ұзын құрамдардың басым бөлігі осынау станцияда құрастырылады. Жүк тиеу мен түсірудегі көрсеткіштер жыл өткен сайын жоғарылауда. Мәселен, ағымдағы жылғы 9 ай бойынша межелі шаралар жоспарға сай орындалды. Бүгінде аталмыш станция бойынша қолға алынған қызметтік тәсілдерді жаңарту, пойыз құрастыруда жаңашыл шаралар мол. Жалпы, бөлімше арқылы тасымалданатын жүктер мен жолаушылар пойызының барлығы дерлік Жаңа-Семей станциясынан өтеді. Оның үстіне, аталмыш станция қаланың алып өнеркәсіптік аймағына, іргелі кәсіпорындарға қызмет көрсетеді. Сол себептен де жүк жөнелтудегі кесте тәртібін сақтау мен жергілікті және транзиттік пойыздарды өңдеуге бірінші кезекте баса мән беріледі. Мәселен, өткен тоғыз ай ішінде 90 мыңның үстінде жүк тиелген вагон қабылданып алынған. Оның ішінде өңдеуден өткізілген транзиттік пойыздардың үлесі жоғары. Соңғы уақытта жұмыс паркі тәуліктік орташа есеппен алғанда 36 вагонға ұлғайтылды. Оған жергілікті вагондар айналымының артуы мен транзиттік вагондарды өңдеуді жылдамдатудың қажеттілігі себеп болуда. Тұйық желілер мен кірме жолдардың көп болуы себепті маневрлік жұмыстар да толассыз жүргізілуде.
Қуаныш Қожаев