Теннистен турнир өтті

Атырау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ ОК Атырау өкілдігінің ұйымдастыруымен спорт нұсқаушыларымен бірлесе Республика күніне және Қазақ теміржолының 120 жылдығына орай үстел теннисінен ерлер және әйелдер арасында жарыс өтіп, оған өңірдегі теміржол мекемелерінен көптеген адам қатысты.
Негізі теннис теміржолшылар арасында кеңінен тараған ойын түрі. Бұл жолы да жарысқа НОДГП-13 және НЖС-13 құрылымдық бөлімшелері мен «Қазтеміртранс» ЖШС командалары қатысып, өзара сайысты.
Ойын түрі қозғалыс белсенділігімен ерекшелене отырып адамның бойына жылдамдық, ептілік, зейінді арттыру, әрекет жасау, көзбен мөлшерлеу, ойлау сияқты қабілеттіліктерін қалыптастырады.
Соған сай теміржолшылар ойын барысында ракеткамен теннис добын қақпақылдап, қарсыласына дес бермеуге тырысты, шабуыл шапшаңдығын үдетіп, допты қатты соққымен бағыттап отырды.
Тартысты өткен ойын нәтижесінде ерлер арасында жүлделі бірінші орынды ПЧ-9 жолшысы Алданыш Мақсотұлы иеленді. 2-орынды машинист Аслан Ізбасов, ал 3-орынды Азамат Шеркешбаев қанжығасына байлады. Әйелдер арасында 1-ші орынды «Қазтеміртранс» қызметкері Салтанат Иманғалиева, 2-орынды ШЧ-8 электромеханигі Ерсін Жұмалиева, 3-орынды ГП қызметкері Айдана Ерболатова жеңіп алды. Жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлық табыс етілді.

Қосұйым Мұқашев