Вы сейчас просматриваете Транзиттік вагондар ағыны артты

Транзиттік вагондар ағыны артты

Шығыс пен Батысты бетке алған жүк және жолаушы құрамдары үлкен күрежолдың бойында жатқан Шымкентке соқпай өтпейді. Биыл станциядан өтетін транзиттік жүк ағыны артқан.
Мәди Бердіханұлы жетекшілік ететін Шымкент станциясының көрсеткіші көтеріңкі, жылды табысты қорытындылауға барлық алғышарт бар. Станция ұжымы жыл басынан қараша айына дейін 458 736 вагонға қызмет көрсеткен. Осы уақыт аралығындағы орташа тәуліктік вагон айналымы 1 509-ға жетіп, жоспарлы жұмыс 107 пайызға орындалған.
Бір ғана қазан айында станциялықтар 2 046 жүк пойызын қабылдап, 1 984 вагонды тиісті бағытқа қарай белгіленген уақытта жөнелткен. Қалған вагондардың жүгі тиеліп-түсірілген. Яғни көрсеткіші 33/80 деген сөз. Осылайша станцияның жоспарлы статистикалық жүктемесі 103 пайыз деп белгіленсе, ол 99 пайызға орындалған.
Станцияның инженер-реттеушісі Надира Ташмұратқызы ұсынған деректерге сүйенсек, транзиттік вагондардың өңделуі 213,35 вагонға жеткен.
– Ал өңдеусіз, тікелей жөнетілгендері 409,94 вагон. Одан бөлек жергілікті вагондардың өңделу көрсеткіші 381,57-ні құрады, – дейді ол.
Өндіріс болған соң «әттегенайлар» да орын алып тұрады. Ел аузындағы «жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді» деген қағидаға сүйенсек, еңбек еткен адамның іс барысында қателікке бой алдыруы бір жағынан заңдылық сияқты. Өткен жылы Шымкент станциясында 7 жылжымалы құрамның салмағы шектен асып, пойыз ұзындығы да нормадан артық болған дерек тіркелген. Қызығы сол, тап осы көрсеткіш биыл да қайталаныпты. Сондықтан станция бастығы мен орынбасарлары осы олқылықты жою бағытында бірқатар мамандар жұмысына түзету енгізіп,тиісті шаралар қабылдаған.
Нұрлыбек Досыбай