Вы сейчас просматриваете Өз тіліңді құрметте…

Өз тіліңді құрметте…

ҚТЖ-да мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге аса зор мән беріліп отыр. Осы аптада «ҚТЖ» ҰК» АҚ Көпфункционалды қызмет көрсету орталығының Мемлекеттік тілді дамыту секторының ұйымдастыруымен «Тіл құбылысының ұлттық мазмұны және мемлекеттік мәртебесі» тақырыбында шеберлік сабағы өтті.
Кітапханада өткен екі күндік шеберлік сабағын мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, ұлт және тіл жанашыры Оразкүл Асанқазықызы өткізді. Жиын мақсаты – компания қызметкерлерінің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге деген ниетін ояту, ұлттық құндылықтарымыздың мазмұнын ашып, қоғамға қызмет етуге мемлекеттік тілдің әлеуеті зор екендігіне көз жеткізу, теміржолшылардың ана тілінде сөйлеуге, жазуға, ойлауға деген құлшыныстарын арттырып, қазақ тілін іс жүзінде пайдалануға шабыт беру.
Бір сағатқа жуық уақыт арнайы слайдтармен қазақ тілінің байлығы мен өзге тілдер арасындағы ерекшеліктері және артықшылықтары, оны сақтап қалу жолындағы қазақтың мықты тұлғаларының жанкешті ерлік істері, олардың тіл туралы нақыл сөздері, жалпы тілдерге қатысты статистикалық деректерді келтіре отырып, мазмұнды сабақ өткізген О.Асанқазықызының сөзі расымен көпшілікке ерекше әсер етті. Қазақстанда қазақ ұлтының үлесі артқанына қарамастан екі қазақтың бір-бірімен орысша шүлдірлесуі қаншалықты қауіпті және алдағы уақыттағы салдары туралы айтқан спикердің сөзі көпке ой салғаны анық. Ол ҚТЖ сияқты алып компанияда іс-қағаздарын қазақша жүргізіп, лифтіде, асханада, кез келген қоғамдық орында, үйде бала-шағамен ана тілінде сөйлеуіне ештеңе де кедергі емес екенін айтты.
– «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен оның еншілес ұйымдарында мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссияның биылғы маусымдағы отырысының шешіміне сәйкес мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында жаттықтырушылар мен халыққа танымал тұлғаларды тарту арқылы іс -шаралар ұйымдастыруға шешім қабылданған. Міне, сол мақсатта өткен шеберлік сабағының баршаңызға үлкен ой тастағанына сенімдіміз. Алдағы уақытта да мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейту жолында өздеріңізден қолдау мен ұсыныстар күтеміз, – деді Мемлекеттік тілді дамыту секторының басшысы Ербол Тоқтағазы.
Райхан Рахметова