Шу станциясында Жамбыл магистральдық желі бөлімшесіне қарасты мекемелер қызметкерлері арасында армрестлинг және дартстан жарыс өтті. Кәсіподақ ұйымының жоспарлы іс-шаралар кестесіне сәйкес ұйымдастырылған тораптық жарыста шеберлік сынға түсті.
Жалпы қол күресі мен дартс ату – жекелей қатысушылардың шеберлік бәсекесі екені белгілі. Сондықтан жүлдеден үміткерлер осалы жоқ еді. Аса тартысты өткен жарыста 1-орын алған Бану Құлдыбекова мен 2-орынды иемденген Зәуреш Баялиева және үздік үштікті түйіндеген Дана Алтайқызының қай-қайсысы болса да мергендігімен, шеберлігімен ерекшеленген ойыншылар болды.
Шу сигнализация және байланыс дистанциясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Әзімбек Көкімовтің айтуынша, ерлер арасындағы қол күрес жарысында да бәсекелестік жоғары болған.
– Армрестлингте білек күші мықтылар жеңіске жетеді деген қате ұғым. Бұл қара күшпен қатар ақыл мен айланы да қажет ететін жарыс. Қол күресінен әлем чемпионаты өтетіні – осы спорт түрінің жылдан-жылға дамып келе жатқанын көрсетеді, – дейді ол.
Қол күресінен Дәулет Асанов жеңіс тұғырынан көрінді. Әділет Жанболатұлы 2-орынды еншілесе, Еркін Жандосұлы 3-орынды иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді. Жүлдегерлерге де арнайы дипломдар, медальдар, сыйлықтар табыс етілді.