Вы сейчас просматриваете Семейде «Өнерлі теміржолшы» байқауы өтті

Семейде «Өнерлі теміржолшы» байқауы өтті

«Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деп Ұлы Абай өсиет еткендей, Семей жүк тасымалы бөлімшесінде өнерлі қыз-жігіттер аз емес. Күні кеше олардың басын қосқан тамаша кеш өтті.
Салалық кәсіподақ ұйымының бастамасымен «Өнерлі теміржолшы» атты байқау ұйымдастырылып, жиналған қауымға ән мен жырдан шашу шашылды. Байқауды тамашалауға сала ардагерлері, байтақ желі бойындағы теміржолшылар қауымы мен басшы-қосшы тайлы-таяғы қалмай түгел қатысты.
Салтанатты шара беташарында сөз алған бөлімше басшысы Алмас Сейсемқанов пен «Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов көпшілікті келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтап, байқауға қатысушы әуесқой өнер иелеріне сәттілік тіледі.
Ал байқау барысында Жаңа-Семей станциясының техник қызметкері Альмира Базарғазина орындаған «Елім-ай» әні, Семей станциясының қызметкерлері Серік Мукалиев пен Тасқын Тұрғанбаев дуэтінің орындауындағы «Өз елім» сынды отаншылдық рухтағы әндер көпшіліктің қошеметіне ие болды. Сол тәрізді ПЧ-39 мекемесінің өткел кезекшілері, аға буын өкілдері Жұлдыз Есенова мен Райхангүл Байжұманова бірлесіп шырқаған «Гүлдерайым!» атты халық әні кәсіби әншілердің орындауынан кем емес деген баға алды.
ВЧД-23 вагон операторы Әсел Сахаритова нақышына келтіре орындаған «Атамекен» әнін зал толы көрермен орындарынан тұрып қосыла шырқады.
– Байқау барысында барлық өнерпаздар тең түсті дей аламын. Бағалау қиынға соқты. Орындалған әндер де таңдаулы болды. Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің құдыретін сезіндік, – дейді қазылар алқасының мүшесі Наталья Мешкова.
Байқау қорытындысында барлық қатысушылар өнері жоғары деңгейде деп бағаланды. Оларға қазылар алқасының төрағалары, бөлімшеде ұзақ жылдар бойы елеулі еңбек етіп, мәдени-қоғамдық саланың дамуына өлшеусіз үлес қосқан Тұрсынғазы Жарылғапов пен Нағима Мойынбаева ақжарма алғыстарын білдіріп, арнайы жүлделерін салтанатты түрде марапаттады.
Қуаныш Қожаев