Вы сейчас просматриваете Теміржолшылар қалалық спартакиадада топ жарды

Теміржолшылар қалалық спартакиадада топ жарды

Жамбылдық теміржолшылардан құралған команда Жұмысшы мамандықтар жылына орай «Қазфосфат» спорт кешенінде өткен «Еңбек жолы» атты Тараз қалалық спартакиадасына қатысып, жүлделі орын алды.
Жарыстың ашылу салтанатында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, командаларға сәттілік тіледі.
Спартакиадаға әр салада еңбек ететін жұмысшылардан құралған 10 команда қатысып, шағын футбол, стритбол, арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күресі, дартс секілді спорт түрлерінен бақ сынасып, өзара тайталасқа түсті.
«Қазақстан темір жолы» командасының сапында жарысқа түскен спортшылар да осал емес еді. Гір тасын көтеруден Гияс Абдрахманов 2-орынды еншілеп, құрама қоржынына күміс медаль салды. Ал дартс атудан қарсыластарын жолда қалдырған Айша Байболова 1-орын алып, жеңіс тұғырына көтерілді.
Теміржолшылар басқа да спорт түрлерінен жақсы ұпайға қол жеткізіп, жалпы есепте көрсеткішті жақсартуға үлес қосты.
Қалалық спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте алаң иелері «Жаңа Жамбыл» фосфор және «Минералды тыңайтқыштар» зауыты 1 және 2-орынды иеленді. Ал «Қазақстан темір жолы» құрамасы үздік үштікті түйіндеп, жүлделі 3-орынды еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль, кубок, бағалы сыйлықтармен және жалпыкомандалық есепте қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Ардақ Үсейінова