Семей өңірінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы мәресіне жетті. Он күнге жалғасқан мерекелік іс-шараларға теміржолшылар да белсене араласып, түрлі сайыстарға қатысты.
Осыған дейін «Абай QUIZ» зияткерлік ойынында жүлде алған жергілікті теміржолшылар «Аbai joly ultra trail» спорттық жарысында да жеңіске жетті. Байрақты бәсекеге бөлімшенің вагондар қозғалысы жылдамдығын өлшеуші
Еркебұлан Ахмадиев пен НЖС-6 техникалық бөлімінің бастығы, ұлттық компания желаяғы атанған Нұрлан Бегадилов бастаған әуесқой жеңіл атлеттер қатысып, бақ сынады.
Жарыс Абай мұрасын ұлықтау, салауатты өмір салтын насихаттау және тұрғындардың бұқаралық спортқа қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Сайысқа әр облыстан келген 100-ден астам кәсіби және
әуесқой спортшылар қатысты.
Жарыс тәртібі бойынша қатысушылар белгіленген үш шақырым аумақты санаулы минуттар ішінде жүгіріп өтуі тиіс болатын. Теміржолшы спортшыларға қолдау көрсетіп, жанкүйер ретінде «Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі
Есен Қажығұлов бастаған сала қызметкерлері арнайы келді.
Кіл жүйріктер арасында суырылып алға шығу жігіттерге оңайға түспеді. Десе де, намысқа тырысқан қос теміржолшы мәреге алғашқы болып жетті. Еркебұлан 35 жасқа дейінгілер арасында бірінші орынды иемденсе, Нұрлан
50 жастан жоғарылар арасында екінші орынды қанжығаға байлады.
Жарыс жеңімпаздары сайысты ұйымдастырушылар атынан арнайы дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Суретті түсірген автор
