Шу станциясының вагондарға техникалық қызмет көрсету орталығында үстел теннисінен командалық жарыс өтті.
Жарыста вагон қараушылар, үш цехтың жұмысшылары, кеңсе қызметкерлерінен құралған және Бірліктен келген 8 команда өзара сынға түсті. Жалпы үстел теннисінен топтық ойындар «Корбиллон кубогы» жүйесінің жаңартылған нұсқасымен өткізілетіні белгілі. Айталық, А – Х, В –У топтары өзара кездесу өткізіп, келесі айналымда қарсыластар орны ауысады. Әр матч 3 геймнен тұрады, команданың бірі 11 ұпай жинағанша жалғасады. Негізгі кездесу 3 жеңіске дейін жалғасады.
– Әр топ үш ойыншыдан құралды. Ұжым ішінде ынтымақты нығайту, командалық рухты қалыптастыру үшін жарыстың осы түрін таңдадық. Жалпы спорттық жарыстар жұмысшылар арасында ішкі бірлікті күшейте түсетінін байқаймын, – дейді Шу техникалық қызмет көрсету орталығының бастығы Айдын Қарамолдаев.
Тартысты өткен жарыста аға вагон қараушы Қайрат Өмірбековтің командасы 1-орынды олжалады. Финалдық ойында есе жібергенімен, соңына дейін жеңіс үшін барын салған Жандар Көпековтің ойыншылары 2-орынды еншіледі. Алғашқы матчтардан-ақ фовориттер қатарынан көрінген Жалғас Байсеитов бастаған топ үздік үштікті түйіндеді.
Жарыс соңында қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталса, жеңімпаздарға кәсіподақ ұйымының атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ардақ Үсейінова
