Вы сейчас просматриваете Шағын футболдан жарыс

Шағын футболдан жарыс

Жергілікті теміржолшылардың жақсы көретін спорт түрінің бірі – шағын футбол. Осы спорт түрінен Атырауда жыл сайын бірнеше жарыс өтеді. Жуырда кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен жуырда Ганюшкино станциясында «Казпрофтранс 2021» Темір жол футбол лигасының кубогы» іріктеу ойыны өтті.

Турнирге Ганюшкино торабының 4 командасы қатысты. Олар – Ганюшкино станциясы, ВЧДЭ-1, ТЧЭ-3 және ВЖДО командалары. Күннің ми қайнатар ыстығына қарамастан командалар ойынды ақырына дейін ойнап шықты. Мектептің футбол алаңында өткен жарыста қарсыласына ұпай бермеуге тырысқан ойыншылар қызу додаға түсіп, тартысты да шиеленісті ойын көрсетті. Бірі жеңіп, екіншісі жеңіліп жатқан командалар ойынын қызықтаушылар да қиқуға басып, көптен болмаған қызыққа батты. Бірнеше сағатқа созылған талас пен тартысқа толы ойын локомотившілер пайдасына шешіліп, жүлделі бірінші орын тұғырынан көрінді. Екінші орынды әскерилендірілген күзет қызметі командасы иеленді. Ал, үшінші орынды вагоншылар ұтса, Ганюшкино станциясы командасы төртінші орынды місе тұтты. Сөйтіп, жеңімпаз Атырау локомотив депосы Ганюшкино бөлімінің футбол командасы Атырау қаласында өтетін келесі іріктеу ойынына жолдама алды. Командаларға сайысқа қатысқаны үшін диплом мен арнайы сыйлық табыс етілді. Атырау жүк тасымалы кәсіподақ ұйымының спорт жөніндегі нұсқаушысы Ринат Иманғазиевтің айтуынша, мұндай іріктеу ойындары барлық аудандық тораптарда және темір жол мекемелерінде өтеді.

Қосұйым Мұқашев, Атырау