Вы сейчас просматриваете Жеңіс тұғырында  –  теміржолшы әулеті

Жеңіс тұғырында – теміржолшы әулеті

Ақтөбеде теміржолшы Әділовтер әулеті «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңінде жеңіске жетті. Жалпы еңбек өтілі 350 жылдан асқан теміржолшылар династиясы байқаудың барлық сатысынан сүрінбей өтіп, көптің ықылас-құрметіне ие болды.

Теміржолшы кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан Әділовтер отбасы темірдей тәртіпке бағынған сала жұмысын ел алдында насихаттап, мамандықтарын мақтан тұтатынын паш етті. Теміржолшы кәсібін әулеттің үлкен атасы соғыс кезінде тылда еңбек етіп бастаған екен.

«Біз теміржолшылар әулеті екенімізді мақтан етеміз. Үлкен атамыз соғыс кезінде 15 жасынан паровозда от жағушы болып бастап, кейін машинист болып, күре жолдың бойында өз әулетінің алғашқы соқпағын қалыптастырған екен. Әкемде 43 жыл еңбек етіп, жүк тасымалы пойызында машинист болды. Анам әлі күнге дейін теміржол саласында еңбек етеді. Ата жолын кәсіп еткен, теміржолдың темірдей тәртібіне бағынған ұрпақпыз. Өзім де, екі ағам да теміржолшы»,- дейді жеңімпаз әулеттің ұлы Дархан Әділов.

Отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, ата-ананың бала тағдырына, бала тәрбиесіне жауапкершілігін арттыруды көздейтін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елімізде жыл сайын өтуі дәстүрге айналған. Әділовтер әулетінің ұзақ жылдар бойы теміржол саласында сіңірген еңбегі өз алдына, жарасымды да үлгілі отбасы ретінде аймаққа танымал. Сондықтан қалалық байқауда жеңіске жетіп, енді облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында бақ сынайтын теміржолшы әулетіне жерлестері жеңіс тіледі. Қала әкімі әулет кәсібін қалыптастырып, бір салада еңбек етіп келе жатқан теміржолшылар әулетіне жүлдесін табыс етіп, алғыс айтты.

«Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл байқау жарасымды жұптар мен береке-бірлік қонған отбасыларын насихаттауда маңызы зор. Туған шаңырақтан алған тәрбие – кез-келген отбасының табысты болашағының кепілі. Бір салада 350 жыл еңбек өтілі бар теміржолшылар отбасы көпке үлгі болатынына сенеміз»,–деді қала әкімі Асхат Шахаров.

Шара соңында «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарына дипломдар мен LED телевизор, мұздатқыш, шаңсорғыш, электр пеші секілді бағалы сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Айта кетейік, елімізде дәстүрлі түрде өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы биыл жетінші рет ұйымдастырылды. Әділовтер әулеті қалалық кезеңінде байқауға қатысқан 20 отбасының ішінде үздік деп танылды.

Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе