You are currently viewing Жолшы еңбегіне алғыс

Жолшы еңбегіне алғыс

  • Post category:Новости

Қызылорда жол дистанциясының ұжымы төл мереке қарсаңында тәжірибелі теміржолшы Әбілда Садуақасовты зейнет демалысына шығарып салды.

Дистанция бастығы Марат Оңаловзейнетдемалысына шыққанша ең қиын да күрделі саланың ыстық-суығына көніп, тынымсыз тер төккен жолшы еңбегіне алғыс айтты. Ұжымның кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Ноғайбаева Әбілда Сағымбайұлының еңбегіәркез басшылық тарапынан лайықты бағаланып, жастардың ақылшы ұстазы болғанын жеткізді.

– Дистанциямыздың тәжірибелі де сақа теміржолшысы бола білген Әбілда ағамыз қарапайым еңбек адамы болып бүкіл өмірін шойын жолдың кем-кетігін түгендеумен өткізді. Ол жұмыс жасаған 2-учаскенің жолшылары оның жұмыс тәжірибесін өздеріне ғана емес, дистанция бойынша үлгі тұтады, «көпті көрген тарлан» деп құрметтейді. Жалпы Садуақасовтар отбасынан үш адам біздің дистанцияда жұмыс істеп, кішігірім теміржолшылар әулетін құрады. Бұған дейін Әбілда Сағымбайұлының ағасы Сәрсенбай ағамыз біздің дистанцияда жұмыс жасап зейнетке шықса, қазіргі таңда оның баласы Ерлан аға буынның өнегелі ісін жалғастыруда, – деді ұжымның кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Ноғайбаева.

Жолшылар ұжымында ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша зейнеткердің иығына ұжым атынан шапан жабылып, естелік сый-сияпат жасалды. Үлкен-кіші ақжарма тілектерін жаудырып, ардагер жолшыны әріптестері құрметті демалысқа құрметпен шығарып салды.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда