Жуырда кәсіби мерекеге орай «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталған Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Сәндібек Аманбаев – өңірдегі тәжірибелі теміржолшылардың бірі.
Республикаішілік көлік қатынастары мен транзиттік ағындардың өту жағдайларын оңтайландыруда маңызы зор жоба – «Бейнеу-Жезқазған» теміржолының құрылысына бастан-аяқ қатысқанкейіпкеріміз үшін теміржолшы мамандығы атакәсіп саналады. Ол Шалқар ауданындағы кішкентай станцияда теміржолшылар отбасында туып-өскен.
Еңбек жолын 1993 жылы Шалқар белгі беру және байланыс дистанциясында электр монтері болып бастаған Сәндібек Тағыбергенұлы 46 жаста. Жас та болса терең білімімен, кез келген жағдайда жол таба білетін біліктілігімен ел аузына іліккен маман. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін берген «Бейнеу-Жезқазған» теміржолының Шалқар-Бейнеу желісінің салынуына үлес қосқан еңбегі ерекше.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еңбек майданына келген жастардың бірі болдық. Бұл марапатты еңбегімізді бағалап, алдағы жұмысқа сенім арту деп түсінеміз. Аса ауқымды жобаның Шалқар-Бейнеу аралығындағы құрылыс жұмысына қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Тасымалдау қашықтығын қысқартып, жүк тасымалы қызметінде экспорттық байланысқа ерекше серпін берген бұл магистраль сенімді ақтады», – дейді теміржолшы.
Кейіпкеріміздің әкесі станция бастығы, анасы теміржолшылар мектебінің ұстазы болыпты. Өзі Шалқар ауданындағы теміржолшылар балабақшасында тәрбиеленіп, теміржолшылар мектебінде білім алды. Әрі қарай теміржол техникумында, көлік және коммуникациялар академиясында оқыды. Яғни, көз ашқалы көрген ортасы теміржолшылар болғасын оның басқа салаға бетбұруы да мүмкін емес еді. Ал атакәсіпке адалдығы абыройға жеткізіп отыр.
Ардақ Ерубаева, Ақтөбе