Қазалы вагон пайдалану депосының ұжымы мен кәсіподақ ұйымы вагон қараушы-жөндеуші Жақсылық Ерғалиұлын 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, ерте зейнет демалысына шығарып салды.
Жақсылық Ерғалиұлы еңбек жолын 1979 жылы бастап, тұп-тура 42 жыл теміржолда тер төгіпті. Қазалы жол дистанциясында жол жөндеуші, СМП-716 мекемесінде сантехник болып бастап, 2002 жылдан бастан вагон депосында үздіксіз еңбек еткен. Алдымен электрдәнекерлеуші, кейін вагон қараушы-жөндеуші болды.
– Құрметті Жақсылық Ерғалиұлы, 60 жасыңызбен құттықтап, Қазақстан темір жолының арнайы бағдарламасына сай ерте зейнет демалысына шығу мүмкіндігін пайдаланып отырған сізге қырық жылғы еселі еңбегіңізге шын жүректен алғыс айтамыз. Қазалы вагон пайдалану депосының абыройын сақтап, жолаушы және жүк пойыздарының қозғалыс қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, оның табысты жұмысына өз үлесіңізді қостыңыз. Күрмеуі шешілмеген қиын тұстарды «жеті рет өлшеп, бір кесетін» сіздің ұқыптылығыңыз жастарға сабақ болғай, құрыш қолды шебер ретінде темірлерді дәлме-дәл майыстыра қиюластырып, балқытып, дәнекерлеу арқылы сапалы бұйымдар дайындайтын шеберлігіңіз де жұғысты болсын. Енді ұзақ жылғы еңбегіңіз бен төккен теріңіздің, көрген бейнеттеріңіздің зейнетін көріңіз, – деп тілек білдірген Қазалы вагон пайдалану депосынынң бастығы Арғын Орымбаев ардагердің иығына шапан жауып, кәсіподақ ұйымы төрағасы Бақытжан Ибрайым ұжым атынан естелік сыйлық табыс етті.
Көлік қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы О.Ахметбаевтың Алғыс хатымен марапатталған Жақсылық Ерғалиұлы әріптестерінің ыстық-тілегіне алғыс білдіріп, рахметін айтты.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қазалы