Вы сейчас просматриваете БЕЙНЕТТІҢ ЗЕЙНЕТІ ДЕГЕН ОСЫ…

БЕЙНЕТТІҢ ЗЕЙНЕТІ ДЕГЕН ОСЫ…

Қызылорда жол дистанциясының ұжымы тәжірибелі теміржолшы Досжан Тәжімұратовты ерте зейнет демалысына шығарып салды. «Адал еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері болат жолда 45 жыл тер төккен екен.

Досжан Жақыпұлы 1958 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы теміржол техникумын, кейін Алматы теміржол көлігі институтында жоғары білім алған. Осы жылдар ішінде Қызылорда жол дистанциясында жол бригадирі, жол шебері, аға жол шебері, телім бастығы, дистанция бастығының орынбасары және диагностика бөлімінің басшысы қызметтерін абыройлы атқарған. Дистанциядағы құрылымдық өзгерістерге байланысты диагностика бөлімінің қысқартылуына және денсаулығына орай ерте зейнетке шығуға өзі арызданыпты.

Қызылорда жол дистанциясында еңбек жолын өткізген әріптесіміз Досжан нағыз өз ісінің маманы болды. Оның дистанцияның өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі зор, еңбегі ерен. Осы уақытқа дейін тәрбиелеген талай шәкірті аймақ теміржолында еңбек етуде. Әріптесімізді зейнет жасына қимасақ та уақыт өз дегенін жасайды екен. Енді, қырық жылғы бейнеттің зейнетін көрумен бірге денсаулығын күтіп, бала-шағасының ортасында ұзақ өмір сүріңіз деген тілекпен шығарып салып отырмыз, – дейді дистанция кәсіподағы ұйымының төрағасы Ғалия Ноғайбаева.

Жолшылар ұжымының дәстүрі бойынша иығына шапан жабылып, бағалы сый-сияпатқа кенелген жолшы әріптестеріне алғыс айтып, еңбекте табыс тіледі.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,

Қызылорда