Вы сейчас просматриваете БІЛІМ КҮНІНЕ БАЙҒАЗЫ

БІЛІМ КҮНІНЕ БАЙҒАЗЫ

Ақтөбеде Әскерилендірілген теміржол күзеті мекемесі жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке жол акциясын ұйымдастырды. Олар мекеме қызметкерлерінің 1 сы- ныпқа баратын балаларына оқу-құралдарын табыстады.

Барлығы 75 балаға қағаз-қалам, түрлі түсті қарындаш сынды тиісті құралдар толтырылған аспалы-баулы әдемі сөмкелер сыйлап, сәтті қадам тілеген игілікті шара бүлдіршіндерді қатты қуантты. Олар байғазыларын бірі-біріне көрсетіп мақтанып, мәз болды.

Республикалық «Мектепке жол» акциясы мекемеде жылда дәстүрлі түрде өтеді. Шара әдеттегідей аз қамтылған немесе көп балалы отбасы балаларына емес, мекеме қызметкерлерінің бірінші рет мектеп табалдырығын аттайтын барлық баланы бірдей қамтиды. Кәсіподақ ұйымы тарапынан оған арнайы қаржы бөлініп, бүлдіршіндердің мектепке қажетті керек-жарақтарымен және кеңсе тауарларымен толық қамтамасыз ету мақсат етіледі.

«Мекемеде талай жылдан бір отбасындай болып кеткен жандар еңбек етеді. Бала – елдің балашағы екенін ескерсек, білім күні – олардың жеке мерекелері. Жаңа оқу жылында әріптестеріміздің биыл бірінші сыныпқа баратын балаларына байғазы жасап, қуанттық. Ол үшін кәсіподақтан 487 500 теңге қаржы бөлінді. Жалпы бұл акция жылда дәстүрлі түрде осы тамыз айында өткізіліп тұрады», – дейді әскерилендірген күзет мекемесінің кәсіподақ төрағасы Әділхан Аймағамбетов.

Елдегі пандемияға байланысты оқу жүйесі бір жылдан аса уақыт онлайн өткендіктен ата-аналар биыл оқу оффлайн жүйеге көшіп, балалардың партаға отыратын күнін асыға күтіп жүр.

Ардақ ЕРУБАЕВА,

Ақтөбе