Арыс белгі беру және байланыс дистанциясының ұжымы Тараз қаласында өткен «Қазкөліккәсіп-2021» теміржолшылар футбол лигасының кубогы турнирінде футболдан жеңімпаз атанды.
Турнирдің мақсаты – теміржол саласындағы ұжымдар мен кәсіподақ белсенділері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ҚТЖ компаниясының ұйымдары мен өндірістердің еңбек ұжымының бірлігін арттыру, Қазкөліккәсіп ұйымдарының беделін көтеру.
Футбол лигасына қатысудың өзіндік шарты – ол команда мүшелерінің арнайы кәсіпорында еңбек ететін келісімшарты және кәсіподақ мүшесі болуы тиіс еді. Аталған турнирге Шымкент ЖТ бөлімшесінен Арыс қаласындағы байланыс және белгі беру дистанциясының ұжымынан он адам қатысты. Команданың жарысқа барып-келу шығынын толықтай Шымкент кәсіподақ филиалы қамтамасыз етті. Кәсіподақ ұйымының төрайымы Нағима Салықбаева аймақтан барған команданы барынша рухтандырып, жігерлендірумен болды.
Сонымен, үшінші кезең бойынша жарыс аймақаралық деңгейде өтіп, оған Шымкент, Тараз, Қызылорда командалары қатысты. Ептілік пен жылдамдық төрелік еткен жарыс тартысты өтіп, нәтижесінде, арыстық байланысшылар топтан қара үзіп шығып, турнирдің үкілеген кубогын жеңіп алды.