Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты мекеме теміржолшыларының 10 жасқа дейінгі бүлдіршіндері арасында «Кәсіподақ – қол- даушы күш», «Алтын күз» және «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыптарындағы сурет байқауы мәреге жетті.
Жүлдеге ие болған бөлімше телімдерінде тұратын балалардың жүлдесі станциялардағы мекемелерге жөнелтіліп, иелеріне табысталады. Бүлдіршіндердің көзімен кәсіподақтың жұмысын, қазыналы қарттардың мейірімі мен күз маусымын бейнелеуге жарияланған бәйгеге 20 бала қатысып, 28 туындыны жолдапты. Жиын кәсіподақтар күні қарсаңына сәйкес келгендіктен бөлімше басшылығы кәсіподақ ұйымының белсенділеріне сыйлық жасап, алғыс білдірді.
Отбасылық құндылық, ата-анаға құрмет секілді ілтипат сезімді қылқаламмен бейнелеген бүлдіршіндердің туындыларының ішінен ең жақсысын таңдау қиын болған. Ата-аналардың сурет салып отырған баласын бақылауы, сурет салынуына көмектесуі – бәрі-бәрі бейнероликке түсіріліпті. Алдағы уақытта осы роликтер кәсіподақ чатына салынады екен.
– Бөлімшеміздің кәсіподақ ұйымы белсенді жұмыс істейді. Олар білім күнінде де, қарттар күнінде де үлгі бола білді. Енді бүгін жастарға ақсақалдарымыздың еңбегін үлгі етіп насихаттау, салауатты өмір салтын ұстануға үлес қосу, оларды жақсылыққа баулу шараларын қадағалау, теміржолшылардың отбасындағы татулықты бейнелеу өнері арқылы көрсету мақсатындағы жұмыстары нәтижеленіп отыр. Алдағы уақытта да кәсіподақ ұйымының осындай игі шараларды ұйымдастыруына қолдау білдіреміз. Ата-аналарыңыз секілді үлкен жетістіктерге жетіп, болашағымыздың іргесінің бекем болуына атсалысыңыздар, – деп кәсіподақ ұйымына табыс тілеген Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің бастығы Ибраким
Басықараев балаларға батасын берді. Бөлімшенің кәсіподақ ұйымының төрайымы Ажар Ерманова суреттердің бәрі керемет салынғанын айтады. Тіпті Айнат Қуантаев деген бүлдіршін бояуды саусақ ұшымен қағазға түсіріп, жапырақтарды бедерлеген.
«Біз бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне қарай, бәріне бірдей сыйлық алып, бір-бір қол сумкасын әзірледік. Оның ішіндегі сурет салуға арналған құралдардың алдағы уақытта да балаларға көмегі тиетініне сенімдіміз», – дейді ол.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда