Семей ЖТ бөлімшесінде «Қазпрофтранс-2021» атауымен теміржолшылар футбол лигасының аймақтық кубогы болып өтті.
Карантиндік шектеулерге байланысты араға уақыт салып өткізілген бұл жолғы сайысқа үш команда қатысып, өзара шеберлік сынасты. Жарысты ашқан бөлімшенің кәсіподақ ұйымының төрағасы Алик Досанов барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Жасыл алаң төріне алғашқы болып Семей ӘТЖК филиалының жігіттері мен Өскемен локомотив пайдалану депосының футбол командасы шықты. Тартысты өткен ойын барысында алғашқы таймда доп соғылған жоқ. Екінші кезеңде өскемендік қонақтар алғашқы болып есеп ашты. Алайда, араға көп уақыт салмастан ӘТЖК командасы есепті теңестірді де ойын тең аяқталды.
Семейлік команданың келесі сәтте Алматы ЖТ бөлімшесінің Достық станциясынан келген қозғалысшылар командасымен ойыны өте шиеленісті өтті. Екі тайм барысында Достық жігіттері еш жауапсыз төрт гол соғып, есеп 0:4 -пен аяқталды.
Жоғары деңгейдегі даярлықпен келген алматылықтар командасының құрамында осыған дейін бірнеше мәрте бөлімше чемпионы болған футболшылар бар екен. Сондықтан да болар, Достық пен Өскемен командалары арасындағы ойында да алматылықтар айқын басымдықпен жеңіске жетті. Есеп 0:3.
Осылайша турнир жеңімпаздарының сатысында Достық станциясы бірінші орын мінберінен табылса, Өскемендегі ТЧЭ-22 командасы 2-ші орынды, ал, алаң иелері Семей ӘТЖК филиалының командасы үшінші орынды місе тұтты. Енді Достық командасының футболшылары бүгін-ертең Шымкент қаласында өтетін сайыста бақ сынамақ.
Қуаныш ҚОЖАЕВ,
Семей