Тұңғыш Президент күніне орай «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы өткізген шарада Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің бастауыш партия ұйымы үздік деп танылды.
Бастауыш ұйымдар арасында жүргізілген облыстық деңгейдегі додада жүлдегер болған ұйым Нұр-Сұлтан қаласында өтетін шараға жолдама алды және бөлімшенің кәсіподақ ұйымының төрайымы Ажар Ерманова облыс әкімінің алғысына ие болды. Салтанатты жиында Елбасының Сыр өңіріне сапары туралы арнайы әзірленген бейнебаян тамашаланды. Ұлт көшбасшысының қағидаттары бойынша пікірлер мен мерекелік лебіздер тыңдалды.
Жиын барысында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар түрлі сала мамандарын партия қатарына қабылдады. Мықты партияның мықты лидері болуға сенім мен жауапкершілік жүктегендер қатарынан Қызылорда жол дистанциясының бастығы Марат Оңалов табылды.
– Біздің теміржолшылардың облыстық деңгейдегі марапат алуы бірінші рет емес. Қай істе де белсенді теміржолшылар қандай марапатқа да лайық деп санаймын, – деді «Теміржол» филиалы төрағасының орынбасары Базара Танбаева.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда