Вы сейчас просматриваете САЛА КӘСІПОДАҒЫ: ЖЫЛ ҚАЛАЙ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ?

САЛА КӘСІПОДАҒЫ: ЖЫЛ ҚАЛАЙ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ?

Үстіміздегі жылдың 8 желтоқсанында «Қазкөліккәсіп» ҚБ Орталық кеңесінің Отырысы өтті. Жиында сала кәсіподағының жылдық қызметіне қорытынды жасалды және «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» ҚБ Жарғысы мен Кәсіподақтың өзге де нормативті және жергілікті актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды.

Кәсіподақ төрағасы Оразғали Ахметбаев жиынды ашып, күн тәртібін белгілеген соң сөз алған «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов, Кәсіподақтың әлеуметтік және құқықтық бағыты бойынша ағымдық қызметіне шолу жасады. Компанияда құрылған комиссия құрамында болып, өңірлерді аралап шыққан сапарын баяндаған ол жалпы елде тұрақты ахуал қалыптасып отырғанын жеткізді. Дегенмен, шешімін табуды талап ететін түйінді мәселелердің де бар екенін жоққа шығармады. Жұпарбек Сәбитовтің айтуынша, биыл кәсіподақ келіп түскен 543 арыз-шағымды қарастырған, оның 297-і еңбекақы төлеумен байланысты болса, еңбек келісімшартын бұзуға қатысты 43, Ұжымдық шарт талаптарының орындалмауына байланысты 203 шағым келіп түскен.

«Халық арасында болып, жүзбе-жүз кездесіп, сөйлесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдаумен қатар Компанияның өз еңбеккерлерінің әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарып жатқан жұмыстарын да жоққа шығармай, түсіндіріп жеткізуіміз оң әсерін берді деп ойлаймын. Биыл ҚТЖ теміржолшылардың жалақысын араға алты ай салып екі рет көтерді. Әрине, бұл қазіргі инфляция жағдайында керемет өсім емес. ҚТЖ 2022 жылы да жалақыны 5% көтеруді қарастырып отыр. Біз бұл көрсеткішті 10 пайызға жеткізуді ұсындық. Компания бюджетін жоспарлайтын қаржылық-экономикалық блок қазір бұл мәселені қарастырып жатыр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай да сыйақы көзделген. Мұның сыртында өндірістік әртүрлі критерийлер бойынша үздік еңбек көрсеткіштерімен танылған теміржолшыларды, ұжымды, бригаданы ынталандыру тәсілі де қарастырылған», – деп атап көрсетті Жұпарбек Абзалбекұлы.

Жұмыс берушімен екі ортада дәнекер болып, жұмысшылар құқын қорғауда кәсіподақ қол қусырып қарап отырған жоқ. Аймақтарда кәсіподақтың араласуымен оң шешімін тауып жатқан мәселелер баршылық. Мысалы, Қарағанды бөлімшесіне қарасты Жаңаауыл станциясының жүктемесі көп және жүк қабылдап-тапсырушылардың жұмысы зиянды факторлармен байланысты екеніне қарамастан төленетін үстеме ақыны алып тастағаны белгілі болды. Осыған орай, Кәсіподақ өз қаражатына сараптама жүргізу арқылы зиянды фактордың барын растап, жұмысшыларға тиесілі үстеме ақыларын қайтаруға қол жеткізген. Қазір осыған ұқсас мәселе Ақтөбе пойыздарды басқару орталығының диспетчерлеріне қатысты да орын алып отырған көрінеді және бүгінде кәсіподақ осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Кәсіподақ 2021 жылды «Бастауыш кәсіподақ ұйымының жылы» деп жариялап, оның аясында атқарылатын іс-шаралар жоспарын жасаған болатын.

«Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына арналған байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Қырқыншы машиналандырылған жол дистанциясының, екінші орынды Қостанай магистральдық желі бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы, ал үшінші орынды Алтынкөл жол дистанциясының кәсіподақ ұйымы иеленіп, оларға арнайы диплом мен қаржылай сыйақы берілді», – деп атап өтті Кәсіподақтың ағымдық қызметін саралаған «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Бақытжан Қуанышев.

Ол сонымен қатар, кәсіподақ ұйымдары мен ұлттық компанияның қолдауымен соғыс және тыл еңбеккерлеріне, теміржолшылардың балаларына, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көрсетілген көмек, жасалған қамқорлық хақында егжей-тегжейлі баяндап берді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – кәсіподақтың жарғысы мен өзге де нормативті және жергілікті актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты пікірталас өрбіп, көптеген ұсыныстар айтылды. Олардың бәрі жан-жақты талқыланып, сараланып барып шешім қабылданатыны белгілі болды.

Жиын соңында белсенді іс-қимылымен танылып жүрген бірқатар кәсіподақ ұйымының жетекшілері марапатталды.

Сұлугүл БАКЕСОВА,

Нұр-Сұлтан