Вы сейчас просматриваете Күн тәртібінде – әлеуметтік мәселелер

Күн тәртібінде – әлеуметтік мәселелер

Үстіміздегі жылдың 2-3 наурыз күндері «Қазкөліккәсіп» Орталық кеңесінің және атқару комитетінің отырысы болып өтті. Күн тәртібінде Кәсіподақ Орталық кеңесі аппаратының 2021 жылғы бюджетінің орындалуы және 2022 жылға арналған кірістер мен шығындардың сметасы, тағы басқа мәселелер қаралды.

Жиында «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов 2021 жылдың 2 жартыжылдығында және 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында әлеуметтік-экономикалық блоктың атқарған жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, аталған мерзім ішінде табиғи апат салдарын жою, ауыр дертке ұшырау, мүліктерінің зақымдануы, отбасылық қиын материалдық жағдай, тағысын тағы мәселелерге байланысты материалдық қайырымдылық көмек сұраған 97 өтініш келіп түскен. Жалпы өткен жылы Орталық кеңес қаражатынан 35 млн теңгеден астам, ал осы жылдың екі айында 16 адамға 5 млн теңге көлемінде материалдық көмек берілген.

– Үстіміздегі жылы қаңтарда Кәсіподақ тарапынан Компанияға 2022 жылға арналған еңбек жоспарында қарастырылғандай, еңбекақыны 5% көтеруге ұсыныс жасадық. Компания бұл ұсынысқа оң жауап беріп, жалақыны 30-40 мың теңге аралығында, яғни өндірістік персоналды 18% жоғары, ал қалған категориядағы қызметкерлерге 7% дейін көтерді. Биыл қаңтар айының соңында Ақтөбе пойыздарды басқару орталығының жұмыс орындарын аттестациялау аяқталып, соның негізінде Магистральдық желі дирекциясында диспетчерлерге үстеме ақы төлемі қарастырылуда. Алдын ала болжам бойынша, тарифтік мөлшерлемеге 10% үстеме ақы төлеу және зиянды еңбек жағдайы үшін еңбек демалысына қосымша 6 күн беру жоспарлануда, – деді Жұпарбек Абзалбекұлы.

Сонымен қатар ол Қарағанды бойынша Жаңаауыл, Входная, Углеродная, Прокат станциялары бойынша жұмыс орындары аттестациядан өтіп, оның нәтижесі бойынша 49 қызметкерге зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жатқаны үшін қосылатын үстеме ақы 10% өскенін атап өтті. Жиында ауыр, қауіпті және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін ер азаматтардың 60 жастан, ал әйелдердің 58 жастан бастап зейнетке ерте шығуын, тағы басқа мәселелер қарастырылған хат жоғарыдағы заң шығарушы атқарушы билік деңгейіне жетуі үшін ҚР Кәсіподақтар федерациясына жіберілгені мәлім болды.

Сулугүл Бакесова, Нұр-Сұлтан