You are currently viewing Сексеннің  сеңгірінде

Сексеннің сеңгірінде

  • Post category:Новости

Аймаққа өнегелі ісімен танылып, артынан жақсы сөз ерген теміржолшы Бекжан Маханбетов 80 жасқа толып отыр. Бөлімше ардагерлері кеңесінің төрағасы Сисен Шермаханов, «Қазкөліккәсіп» ҚБ филиалы төрағасы Бауыржан Ахметов бастаған топ ақсақалды құттықтай барып, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Қызылорда теміржолының дамуына сүбелі үлес қосқан Бекжан Маханбетов- тің қолтаңбасы аймақ теміржолында әлі күнге сайрап жатыр. Бұл туралы ардагерлер кеңесінің төрағасы пікір білдірді.

– Қызылорда станциясының бас инженері болған Бекжан Маханбетовтің тікелей басшылығымен бекет жолдарының ұзындығын үш шақырымға дейін ұзарту жүзеге асырылды.15-16 жолдардың жобалау-сызба құжаттары әзірленіп, осы жолдар бойында қырыққа жуық электрлі бағыттамалық бұрмалар қолданысқа берілді. Сонымен қатар қазіргі станция ғимаратының инженерлік-инфрақұрылымдық құжаттарының сызбасы сызылып, құрылысын салып бітіріп, пайдалануға берілуі де айтулы оқиға болды, онда да салмақтың басым бөлігі бас инженер Бекеңнің иығына түскен екен, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Сисен Шермаханов.

Ардагер кезінде Қызылорда темір жолын басқарған арлан теміржолшы, аты аңызға айналған білікті басшы Орынбай Жанәділовті өзіне ұстаз санайды екен. Айтуынша, аймақ темір жолының дамуына өлшеусіз үлес қосып, жан-тәнімен беріле еңбек еткен Жәнәділовтей басшы сирек, сондай талантты басшының тәлімін көрген өзін бақытты санайды.

– Қызылорда станциясында салынатын жолдардың, қосымша құрылыс нысандарының нобайы мен нұсқаларын Алматыдағы «Промтранс НИИТ проект» жобалау институтында бекітіп, оны салып бітіру тікелей бас инженер Бекжан Маханбетовтің еңбегі дегенді ақсақалдар аузынан талай естідік. Ал бас инженеріне сенім білдіріп, құрылысқа қажетті заттардың тоқтаусыз жеткізілуі сол кездегі бөлімше бастығы Орынбай Жанәділовтің еңбегі деседі. Біздер үшін соңында ерен еңбегі қалған осынау ардагерлеріміздің өткен жолы – өнеге және мақтаныш, – деді бөлімшенің кәсіподақ ұйымы төрағасы Мұхтар Көпірбаев.

Сабырхан Сейілбекұлы, Қызылорда