Вы сейчас просматриваете Білім саласындағы әріптестік

Білім саласындағы әріптестік

Ақтау қаласындағы көлік колледжінің студенттері енді логистика саласында шетелдік мамандардың тәжірибесімен танысып, таным деңгейін арттыру мүмкіндігіне ие болады. Колледж басшылығы жуырда бірнеше елдің консулдықтарында болып, екіжақты келісімге келді.

Әр елдің болашағы, құнды әрі теңдессіз капиталы – тәрбиелеп отырған ұрпағы десек, сол жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы оларға берілген мүмкіндіктер арқылы жүзеге асады. Қазіргі жаһандану тенденциясы да жастардың функционалдық сауаттылығын талап етеді. Осы тенденцияға сай шәкірттер тәрбиелеп шығаруды мақсат тұтқан Ақтау көлік колледжі студенттерін көрші елдердегі тәжірибемен сусындатып, сол арқылы оқыту үдерісіне оң ықпал ететін жаңалықтар енгізуді жоспарлап отыр. Колледж директоры Ақмарал Тұрлыбекова түрік консулдығымен уағдаласу нәтижесінде біздің студенттер бұл мемлекеттің логистикалық ірі компанияларынан тәжірибеден өтуге мүмкіндік алып, оқытушылар көлік және логистикалық бірлескен жобаларға қатысатын болды. Алдағы уақытта жоспар жасалып, түрлі жоба жүзеге асады деп келісілді. Сондай-ақ, Ақтау көлік колледжі Түркия студенттерінің оқуына да жағдай жасалатыны айтылды.

Иран мемлекеті консулымен кездесуде колледждің логистика мамандығында оқитын студенттерді ирандық компанияларда өндірістік-тәжірибеден өткізу жұмыстарын қарастыру, оқытушылардың Иранға іс-сапарын ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Екіжақты жоспар құрылып, қос ел арасында логистика бағыты бойынша түрлі жобаны жүзеге асыруға сөз байласты.

– Қазірде Қазақстанның әлемдік, оның ішінде көлік-логистикалық нарыққа әсері күн сайын артып келеді. Оны иелену – табысты бизнестің кілті. Сол нарықты жандандыратын – біз тәрбиелеп отырған студенттер. Сондықтан да бұл тұрғыдағы мақсатымыз – шет мемлекеттермен серіктестік құра отырып, бүгінгі заман талабына сай жетік маман даярлау. Статистикаға қарасақ, шетелдерде тұратын қазақтар әлі де көп. Консулдармен кездесуде қандастарымызды колледжімізге оқуға шақырдық, – дейді М.Тынышпаев атындағы Ақтау көлік колледжінің директоры Ақмарал Салабатқызы.

Шахида Жұман, Маңғыстау

Суретті түсірген автор