«Қазақстан темір жолы» компаниясында 2022 жыл «Еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау жылы» болып жарияланды. Еңбек қорғаудың барлық деңгейдегі қызметтерінің, кәсіподақтардың және еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың күш салуымен биылғы жылдың 1 тоқсанында Ұлттық компания «нөлдік жарақаттану» деңгейіне қол жеткізді.
Бұл – «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры компаниялары бойынша үздік көрсеткіш. 2022 жылдың 1 тоқсанында өндірісте адамдардың жарақат алу немесе жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болу фактілері тіркелмеген. Бұл – соңғы 25 жылда қол жеткізіп отырған жетістік.
28 сәуір – Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да еңбек қорғау және қауіпсіздік талаптарының сақталуына атсалысып жүрген қызметкерлер еңбегін ескеріп, бағасын беру игі дәстүрге айналған. Өткен жылы барлық өңірлерден 350-ден астам техникалық инспектор дипломдармен, грамоталармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып жатыр. Кеше Кәсіподақтың Орталық кеңесі атынан 24 адам Құрмет грамотасымен және «Еңбек қорғау бойынша үздік техникалық инспекторға» дипломымен марапатталды. Олар – жол монтерлері, машинистер, вокзал бастығының кезекші көмекшісі, өндірістік оқыту шебері, белсенді кәсіподақ қызметкерлері және тағы басқа еңбек қауіпсіздігі үшін күресіп жүрген теміржолшылар.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ-нің моральдық көтермелеу туралы ережесіне сәйкес Құрмет грамотасын алған техникалық инспекторлар 8 АЕК көлемінде біржолғы сыйақыға ие болса, «Үздік техникалық инспектор» лауреатына 7 АЕК сыйақы қоса берілді. Жалпы, бүгінгі таңда ҚТЖ бойынша 1 300 техникалық инспекторлар жұмыс істейді. Қауіп-қатері басым теміржол саласында қауіпсіз еңбекті қалыптастыруға атсалысып жүрген инспекторлар бүгінгі таңда үлкен күшке айналған.
Дүниежүзілік еңбек қорғау күні қарсаңында өткен жылдың қорытындысы бойынша деректерді пайдалана отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің жұмыс қорытындысы шығарылды. Өндірістік кеңестердің жұмысына Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және ҚР Кәсіподақ федерациясы тарапынан үлкен көңіл бөлінеді.
Лаура ТАСБОЛАТОВА
Нұр-Сұлтан