28 сәуір – Дүниежүзілік еңбек қорғау күні «ҚТЖ» ұлттық компаниясында ерекше аталып өтеді. Биыл да компанияның еншілес ұйымдары мен филиалдарында еңбек қорғау күніне қатысты шаралар өтіп, жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындылануда. Ұлттық компанияда қауіпсіз жұмыс орнын құру, еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуы жөнінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері – Техникалық саясат департаментінің директоры Батыр Котыревпен сұхбаттасқан едік.
– Батыр Қуанышұлы, еңбек қорғау күнін біреулер мереке, енді біреулер жұмыста қаза болған әріптестерін еске алу күні ретінде қабылдап жатады. Сіз үшін бұл күннің мән-мағынасы қандай?
– Халықаралық еңбек ұйымы жыл сайын 28 сәуірде Дүниежүзілік еңбек қорғау күнін атап өтеді. Бұл күн бүкіл әлемде өндірістегі жазатайым оқиғалар мен аурулардың алдын алуды насихаттау мақсатында белгіленген. Яғни, қоғам назарын еңбекпен байланысты өндірістік жарақаттар, аурулар мен өлім санының өсуіне аударады. Ал 2022 жылғы Дүниежүзілік еңбек қорғау күнінің басты тақырыбы – еңбекті қорғаудың оң мәдениетін қалыптастыру үшін барлық мүдделі тараптарды тарту мен әлеуметтік диалогтың маңыздылығына арналған.
Әрине, бұл күнді мереке деуге келмес, дұрысы, өндірісте қайтыс болған әріптестерімізді еске алып, өткеннен сабақ алу. Жыл сайын әлемде өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіби ауру-сырқаттар салдарынан орташа есеппен 2 миллион адам өледі. Сондай-ақ, жыл сайын 270 млн жуық жазатайым оқиға мен 160 млн кәсіби сырқаттану оқиғалары тіркеледі. Сондықтан бұл күннің еліміз үшін маңызы зор. Өндірістік қауіпсіз- дік мәселелерінің стратегиялық маңыздылығын ескерген «Самұрық-Қазына» АҚ, қор құрамына кіретін компанияларда 2022 жыл – Еңбек қорғау және қауіпсіздік жылы деп жариялады.
Биылғы жыл біз үшін компанияда нөлдік жарақаттану жағдайына қол жеткізудің кезекті межесіне айналуы тиіс. Оған алғышарт та жоқ емес. 2022 жылдың 1 тоқсаны өндіріспен байланысты жарақаттану, оның ішінде өліммен аяқталған оқиғалардың болмауымен, яғни тіркелмеуімен компания үшін тарихи кезең болып отыр. Мәселен, 2021 жылы осы кезеңде 35 жазатайым оқиға болып, оның 13-і есепке алынған-ды.
– Расымен тамаша жаңалық. Мұндай жетістікке қол жеткізу үшін компанияда атқарылып жатқан іс-шаралар легіне тоқталып өтсеңіз…
– «Нөлдік жарақаттану» жағдайын туғызуға қатысты қозғалысқа 2019 жылы серпін берілді. Ол үшін «Қауіпсіздіктің іс-қимыл диалогы», Қауіпті іс-қимылдар мен қауіпті жағдайларды анықтау, Ықтимал қауіпті оқиғаларды тіркеу (NEAR MISS), қауіпсіз емес жұмыстарды тоқтату құқығын беретін «Жұмысты тоқтат!» сияқты өндірістік қауіпсіздікті басқару саласындағы үздік әлемдік тәжірибе құралдары таңдап алынды, өйткені, бұл құралдар қауіпсіздік мәдениетін одан әрі жақсартуға ықпал етеді. Осыған байланыс- ты біздің компанияда жарақаттану тәуекелдерін барынша азайту үшін Қазақстан Республикасында баламасы жоқ бірегей «Өндірістік қауіпсіздік» интеграцияланған жүйесі (ӨҚ ИЖ) іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Бұл жоба халықаралық деңгейде де жоғары баға алды. 2020 жылы 81 елдің 213 теміржол компаниясы мүшесі болып табылатын Халықаралық теміржол одағының 6-шы цифрлық конференциясы аясында өткен марапаттау рәсімінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Өндірістік қауіпсіздік» ИЖ жобасы «Қауіпсіздік» санатында 2-ші орынға ие болды.
ӨҚ ИЖ арқасында компанияның әрбір жұмыскері іс жүзінде заманауи ақпараттық технологияларды қолдана отырып, жұмыс- тың тиімділігін байқап көру және сезіну мүмкіндігіне ие. ӨҚ ИЖ есеп беруге аса қымбат уақыт пен қағазды жұмсамауға, компания бойынша жағдайды ашық онлайн режимінде көруге және бағалауға, сондай-ақ, жұмысшыны қызық- тырған мәселе бойынша қажетті ақпаратты дереу алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – әрқайсымыздың ӨҚ ИЖ мобильді қосымшасын пайдалана отырып, әлеуетті жазатайым оқиғаның алдын алуға, осылайша, өзіміздің және әріптестеріміздің өмірін сақтап қалуға мүмкіндігіміз бар.
Мәселен, үстіміздегі жылдың 1-тоқсанында біздің қызметкерлер ӨҚ ИЖ-не қауіпті іс-әрекеттер немесе қауіпті жағдайлар (near miss) туралы 7 мыңнан астам дабыл қағу белгісін енгізді, бұл дегеніміз, бірлескен күш-жігердің арқасында осынша жазатайым оқиғаның алды алынып, тіпті, әріптес- теріміздің өміріне төнген қауіп сейілді деген сөз. Әріптестерінің жарақаттануына немесе ажал құшуына әкеп соқтыруы ықтимал қауіпті жағдай туралы уақытылы дабыл қаққан әрбір теміржолшының материалдық сыйақы алу мүмкіндігі бар, оның ең жоғары лимиті 3 миллион теңгені құрайды.
– «Өндірістік қауіпсіздік» ИЖ мобильді қосымшасын кез келген теміржолшы пайдалана білу үшін не істеу керек?
– Мобильді қосымшаны қалай пайдалану керектігін сала еңбеккерлеріне егжей-тегжейлі түсіндіру үшін алдымен компанияның ішкі жаттықтырушылары таңдап алынып, олар оқу курстарынан өтті. Ал кейін олар өздерінің негізгі қызметтік міндеттерін атқара жүріп, оған қоса, онлайн-офлайн режимінде әріптестерін өндірістік қауіпсіздік және экология бағыттары бойынша оқытты. Бұл жұмыс- тар жалғасын таба бермек. Айталық, 2022 жылы 300-ден астам жетекшілер мен мамандар NEBOSH және IOSH, Еңбек қауіпсіздігіне қатысты халықаралық курстар бойынша білім-біліктіліктерін арттырып, оқу курстарынан өтпек. Сөз реті келгенде, компания өндірістік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ISO 45001 және 14001 халықаралық сертификаттарға өзінің сәйкестігін тағы да растағанын атап өткім келеді.
– Батыр Қуанышұлы, сұхбатымыздың соңын әдемі тілекпен аяқтасақ, биыл теміржолдағы еңбек өтіліңіз 30 жылды құраса, күні кеше ел ағасы елуге толыпсыз, қос мерейтойыңыз құтты болсын!
– Рахмет, иә, Мәскеу мемлекеттік жол қатынастары университетін инженер-электрик мамандығы бойынша бітіріп, әкем Қуаныш Ыдырысұлының жолын қуып, теміржолды тағдырыма айналдыр- ғаныма да аттай отыз жыл болыпты. Қарапайым электромеханик- тен компанияның бас инженері қызметіне дейін өскен еңбек жолымда талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кештім. Қазіргі қызметім бірыңғай техникалық саясатты, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, экологиялық қауіпсіздік саласындағы басқару стратегиясын әзірлеу және іске асыру, теміржол көлігі саласындағы стандарттау жүйесін жетілдіру, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жоспарлау, өнертапқыштық жүйесін жетілдіру, жаңа өндірістерді игеру сияқты еліміздің темір жол саласын дамытуға бағытталып отыр. Отандық теміржол саласын дамытуға тамшыдай үлес қоссақ, соның өзі үлкен жетістік дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұлугүл БАКЕСОВА
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК