Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде өткен дөңгелек үстелге Атырау, Ақжайық, Мақат, Сағыз, Ганюшкино және басқа да аймақтағы станциялардан пойыз құрастырушы, станция кезекшісі, вагон қараушы, пойыз жылдамдығын реттеуші, жүк қабылдап-тапсырушы, еңбек қорғау инженерлері, т.б. мамандар қатысты.
Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай өткен шара теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігіне арналды. Биылғы жылдың алғашқы тоқсаны бойынша Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде өндірістік жарақат алу жағдайы тіркелмеген. Еңбек жағдайы мен қауіпсіздікті арттыру бағытындағы кешенді жоспар талапқа сай орындалып келеді. Бекітілген 11 шараның барлығы жүзеге асып, қаржы толық игерілген. Станцияларда «Қауіпсіздік диалогы», «Өндірістік қауіпсіздіктің он екі негізгі ережесі», «Хенрих травматизмінің пирамидасы» тақырыптарында көрнекі жаднамалар ілінген. «Медикер» медициналық ұйымымен алғашқы дәрігерлік көмек көрсету тренингтері өткен. Жазғы-қысқы арнаулы киіммен және арнайы қорғаныс құралдарымен жұмысшылар 100 процент қамтамасыз етілген.
Қазіргі таңда бөлімше еңбек қауіпсіздігінің сақталуы бойынша алдыңғы қатарда. Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге әр теміржолшының үлесі зор. Шараға қатысушылар еңбек қорғау тақырыбында әртүрлі бейнероликтер көріп, викториналық сұрақтарға жауап берді, танымдық ойындарға қатысты. «Мұның бәрі адамның еңбек қорғау ісіндегі дағдысы мен жадын жаттықтыру үшін құралдар, амал-тәсілдер» дейді еңбек қорғау бөлімінің бастығы Гауһар Бержанова. Әр мекемеден келген түрлі маман иелері әр жағдай бойынша өз ойларын да ортаға салды. Соның ішінде арнайы киім мәселесі кеңінен талқыланды. Олардың мерзімі, қолданылуы, сапасы туралы пікірлер айтылды. Мәселен, аяқ киімнің тез тозатыны, киімнің тігісінен жыртыла беретіні, өлшемі шақ келе бермейтіні, басқа да олқы тұстары айтылды. Себебі күнделікті тұтынып жүргендіктен олар киімнің жақсы-жаманын айыра алады.
Жұмысшылардың айтуынша, жері сыз, тұзды өңірде аяқ киімнің табаны қалың болғаны дұрыс, өйткені жерден өткен ызғар аяқты тез тоңдырады және бәтеңкелер тез тозып, жыртылып қалады. Ал қонышты бәтеңкелердің жылуы мен төзімділігі жақсы шыққан. Жалпы, арнаулы киімдер сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді, әйтсе де кемшілік те жоқ емес дейді теміржолшылар.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта өндірістегі жазатайым оқиғаларды хабарлау мобильдік қосымшалар арқылы жүзеге асатындығы да сөз болды. «Сол арқылы жұмысшылар қай жерлерде қандай оқиғалар болып жатқанын біліп отырады және ондайды өздері де хабарлап отыруы тиіс» дейді бас инженер Б.Қартан. Басқасу барысында жұмыс орнында қауіпсіздікті сақтаудың маңызы баса айтылды. «Егер өміріңе қауіп төніп тұрса, жұмысты тоқтату керек. Өйткені адам өмірі бәрінен қымбат, мүлік қалпына келеді, адам орны ешқашан толмайды» дейді мамандар.
Шара соңында еңбек қорғау- да үлгілі жетістікке жеткен теміржолшыларды (пойыз құрастырушы, вагондар жылдамдығын реттеуші, жүк қабылдап-тапсырушы, еңбек қорғау инженері, т.б.) марапаттау рәсімі өтіп, кәсіподақ ұйымының қолдауымен оларға Алғыс хат пен «Технодом» дүкеніне 20 мыңдық сертификат табыс етілді. Олар: Мақат станциясының құжаттарды реттеуші операторы Қ.Баймағамбетова, аға пойыз қабылдаушы С.Әбілғазиева, Ганюшкино станциясының пойыз қабылдаушысы А.Аманов, Құлсары станциясынан пойыз құрастырушы Б.Жандарбеков сынды он-он бес жылдан жоғары еңбек өтілі бар тәжірибелі мамандар.
Қосұйым Мұқашев, Атырау
Суретті түсірген автор