Қазақстан теміржолы кәсіподақ ұйымының 30 жылдығына орай Шу станция- сында шағын футболдан жарыс өтті.
Додаға осы өңірдегі 10 теміржол кәсіпорнының спортшылары қатысты. Намысты қолдан бермеуге тырысқан теміржолдың сайыпқырандары бар өнерлерін ортаға салып, ойынды тартысты өткізді. Әр команданың жанкүйерлерінің делебелері қозып, қиқуға салды. Дегенмен, жүзден жүйрік озып шығатын жарыста Әскерилендірілген темір жол күзеті жігіттерінің жолы болды. Олар бірінші орынды қанжығаларына байлады. Екінші орынды жолдың күтімін жасап жүрген Шу жол дистанциясының жігіттері еншіледі. Ал Шу локомотив пайдалану депосының спортшыларына үшінші орын бұйырды.
Қазақстан теміржолы кәсіподағының 30 жылдығына арналған тағы бір шара – «Көңілді старт» ойыны Жамбыл локомотив пайдалану депосында өтті. Отбасылық дәстүрлі ойынға депо қызметкерлері қатысты. Бес шарттан тұрған жарыстан сүрінбей өткен машинист Мадияр Ақылбековтің отбасы бірінші орынды иеленсе, екінші және үшінші орындарды Бақыт Бейсенбаев пен Заман Әубәкіровтің отбасылары өзара бөлісті.
Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл
Суретті түсірген автор