Электр қондырғыларының күтімін жасау оңай емес, қауіп-қатері де басым. Ақтөбе электрмен жабдықтау дистанциясы бойынша Әйтеке би электрмен жабдықтау ауданы осы салада үздік саналады.
Оның себебі, 137 км желі бойына қызмет көрсетіп отырған мекеме теміржол бойын электрмен үздіксіз қамтамасыз етумен қатар аудан орталығындағы екі көшеге де электр энергиясын жеткізіп отыр. Ең маңызды фактор – өндірістік жарақаттану, өлім-жітім тіркелмеген. Әйтеке би станциясынан Сарысай станциясына дейінгі аралықтағы автобағыттауға және шағын станцияларға қызмет көрсететін мекеме басшысы Нұрбол Жанділдаев бүгінгі таңда қысқа дайындық жұмыстары жүріп жатқанын, барлық электр желілері, бағаналар тексеріліп, зақымданғаны қалпына келтіріліп, кем-кетігі бүтінделіп жатқанын жеткізді.
Электрмен жабдықтау ауданында 16 қызметкер бар. Оның төртеуі кезекші, біреуі техникалық бақылаушы. Механик, жөндеушілер бар. Дегенмен, бәрінің илегені бір тері, электр желілеріне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, күнделікті күтімін қадағалап отырады. Еңбекті қорғау шараларына ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе, жөндеу жұмыстары кезінде қауіп тудыратын жайттарды мейлінше ескеріп, бақытсыз жағдайдың алдын алуды әрбір жұмысшы міндетім деп біледі. Техникалық сабақтар оқу-жаттығу алаңында ай сайын тұрақты өтіп тұратыныны да өндірістегі қауіпсіздік тақырыбын ұдайы назарда ұстауды қамтамасыз етеді.
Мекемедегі тәжірибелі электр-механик Айбек Бекжанов ойлап тапқан жоба жұмысты едәуір жеңілдеткен. Трасформаторларды қозғау, түсіру кезінде қолданылатын қосымша құрал тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденіп, қазір тұрақты қолданыста.
«Кезінде біз трансформаторларды ролик арқылы көтеретін едік, ол ыңғайсыз еді. Процеске бірнеше адам жұмылатын. Қазір осы оңтайландырылған жобаны пайдалану арқылы жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Роликті бекітіп, трансфарматорды көтеру-түсіру жұмыстарын бір адам істей береді», – дейді Нұрбол Жанділдаев.
Ардақ Ерубаева, Ақтөбе
Суретті түсірген автор