Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасында облыс бойынша Таулы Қарабақ соғысына қатысқан ардагерлер ұйымының ашылу салтанаты өтті.
Осы жиында Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының электромонтері Рабит Тасқынбаев «Qazaqstan ardageri» төсбелгісімен марапатталды.
«Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық одағы» ҚБ төрағасы Ерғали Базарбаев бейбіт күндегі қақтығыстан тұтанған соғыс отын өшіруге аттанған сарбаздар құрамында болып Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған Рабит Тасқынбаевтың кеудесіне марапатын тағып, ұйым атынан алғыс айтты.
– Дистанцияда ҰОС ардагері Төлеген Жүнісовпен қатар Ауған соғысы және Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысқа қатысып жауынгерлік борышын өтеген Рабит Тасқынбаев пен Арыстан Баймұрзаев сынды ерлерімізге де лайықты құрмет көрсетеміз. СОБ және байланыс электромонтері болып жұмыс жасайтын екі әріптесіміз де өз кәсібінің маманы, тәжірибелі теміржолшылар, – дейді дистанцияның кәсіподақ ұйымы төрайымы Ғалия Қожахметова.
Сабырхан Сеілбекұлы, Нұр-Сұлтан
Суретті түсірген автор