Балалар қауіпсіздігі басты орында

Жазғы демалыста балалардың бос уақытын пайдалы және қауіпсіз өткізіп, демалысын тиімді ұйымдастыру – әрбір ата ананың арманы. Қазір балалар лагерлерінің жұмысы қызған. Маусым басталғалы маңғыстаулық өрендер де лагерлерде демалып, жаз қызығын көруде.

Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарының айтуынша, Маңғыстау вокзалынан бүгінге дейін 3-4 топ жолға шығыпты. Оларды алда әрине қызыққа толы демалыс күтіп тұр. Дейтұрғанмен жаз – күн ыстық, азық-түлік тез бұзылатын, түрлі инфекциялардың өршитін кезі екенін ұмытпаған абзал. Сондықтан балалар қауіпсіздігін басты назарда ұстап, оларды тасымалдағанда ең алдымен жеке гигиена, тазалықты сақтау шарттарын мұқият ұстану қажет. Осы мақсатта сапар алдында балаларға арнайы жадынамалар таратқан басқарма қызметкерлері кішкентай жолаушыларды қарапайым талаптармен таныстырды. Ең алдымен, көңілді демалысты көңілсіз жағдай бұзбасын десек, жол-жөнекей кез келген жерден, кез келген тағамды тұтынбау қажеттігін қатаң ескертті.

– Мамандарымыз топ жетекшілерімен кездесу өткізіп, ұйымдастырылған балалар ұжымдарын тасымалдауға қойылатын талаптар бойынша түсінік жүргізіп, үнпарақтар таратуда. Жолсеріктерге де нұсқама өткізілді. Балалардың аман-саулығы үшін оларды алып жүретін жетекшілерінің де, өздерінің де кейбір ережелерді қатаң сақтауы қажет. Ал демалысты ұйымдастыруға мүдделі мекемелер балаларды жөнелтуден кемінде 5 тәулік бұрын жоспарлаған мерзім және балалар саны туралы ақпаратты тиісті аумақтағы санитарлық-эпидемиологиялық ведомствоға жолдауы қажет. Жолда балалар өлшеп-оралған ауыз сумен, шәймен, сапар ұзақтығы бір күннен асса ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай ақ, тиісті нұсқамадан өткен медицина қызметкерлері бірге жүруі шарт. Балалар үшін вагон-мейрамханаларда ұйымдастырылатын ыстық тағамдар мен өнімдерге ассортиментін тиісті аумақтың СЭС саласындағы мемлекеттік органмен келіседі, – дейді Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Жания Ешматова.

Жаман айтпай, жақсы жоқ, егер жол бойы бала сырқаттанып қалса онда медицина қызметкері пойыз бастығына хабарлап және одан әрі сапар шегу мүмкіндігін немесе науқасты жол бойындағы жақын станциядағы ауруханаға жатқызу қажеттігін айқындайды екен. Барлық ақпарат жол бағыты бойынша жақын вокзалдың медициналық пунктіне және тиісті аумақтың СЭС саласындағы мекемесіне берілуі шарт.

Айсұлтан Арман, Маңғыстау

Суретті түсірген автор