Азия чемпионы атанды

Семейлік теміржолшылар арасында спорттан түрлі деңгейдегі сайыстарда үздік жетістіктерге жетіп, тек елімізді ғана емес, әлемді мойындатқандар баршылық. Солардың бірі – жол шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан Аманжол Аусыдықов.

Қысқы спорт түрлері бойынша шаңғыдан ұлттық компанияның бірнеше дүркін чемпионы болған Аманжол осыдан біраз бұрын Шучинск қаласында өткен Азия біріншілігінде гір көтеру жарысына қатысып, топ жарды.

– Ауыр атлетика оң жамбасыма келетін спорт түрі. Бұл жолы Шығыстың ғана емес, байтақ республикамыздың намысын қорғауға тура келді. Гір тасын жұлқа көтеріп, үзіліссіз өнер көрсету бұлшық етке ғана емес, жүрекке де салмақ түсіреді. Әйтсе де, даярлықтың нәтижесінде өз салмақ дәрежемде жеңіске жеттім, – дейді ол.

Осылайша, Аманжол «ұзын цикл» бойынша сынға түсіп, байрақты бәсекеде екі күміс жүлде, бір алтын жүлдені қанжығаға байлады. Айтуынша, гір көтеруден әсіресе Моңғолия, Түркіменстан мен тәжік жігіттері мықты екен. Біздің жігіттер біраз абыржып қалған көрінеді.

Әрине, бұл Аманжолдың өміріндегі ең айтулы дода саналады. Осыған дейін тек республикалық жарыстарда топ жарып жүрген жолшы жігіт әлемдік додаға алғаш рет шығып отыр. Мұнымен шектелмейтініне де сенімді. Себебі, осы сайыс барысында халықаралық деңгейдегі білікті бапкерлердің назарына ілігіпті. Шақырту алар болса, солардың қарамағында жаттығып, күллі әлемді мойындату ойында бар.

Жалпы, Семей ЖТ бөлімшесінің чемпионы атанған ПЧ-39 мекемесінде спортта үздік өнер көрсетіп жүрген теміржолшылар аз емес. Жол бойындағы жұмысты ширатқан жігіттер, әсіресе Аманжол тәрізді ауыр атлетика түрлері бойынша жеңіс тұғырынан жиі көрінуде.

Абай Ертіс, Семей

Суретті түсірген автор