«ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекция- сы» филиалының ұйымдастыруымен компанияның 25 жылдығы және «Қазкөліккәсіп» ҚБ-ның 30 жылдығына орай шағын футболдан бір айлық турнир басталды. Жарыс қорытындысы тамыздың басында теміржолшылардың төл мерекесінде шығарылып, жеңімпаз командалар марапатталады.
Бір айға созылатын ойын барысында дирекцияның Орталық аппараты, жол және құрылыс департаменті, электрлендіру және энергетика департаменті, автоматика және электромеханика, байланыс департаменті мен «Нұрлы жол» вокзал кешені қызметкерлері аяқ доптан өзара жарысқа түседі. Осы кәсіпорындар арасынан барлығы 9 команда жасақталды. Олар кестеге сәйкес бір айда оннан астам ойын ойнайды.
– Ең басты мақсатымыз – әрине компания қызметкерлерін салауатты өмір салтын сақтауға шақыру. Тамыздағы төл мерекеге дейін әр аптаның сенбісінде таңертең және кешке 3 ойыннан өткіземіз. Бірінші ойынды КҚТЭ құрама командасы, яғни кадрлар, қауіпсіздік саласы мамандары, технарлар бастады. Олар «Нұрлы жол» вокзал кешенінің командасымен ойнады. Одан кейін жол және құрылыс департаменті вокзал командасымен кездесті. Бір күнде 4 команда ойнады. Әзірге «Нұрлы жол» вокзал командасы алда келе жатыр. Дегенмен, ойын енді басталды, бұл тек бірінші күн, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы Адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері Дархан Төкенов.
Оның айтуынша, тек футболмен шектелмей, алдағы бір айда бильярд, армрестлинг, шахмат және басқа да турнирлер ұйымдастырылады. Сонымен қатар теміржолшылардың балаларының арасында сурет салудан байқау да өткізілмек. Командалар арасында 1,2,3 орындармен қатар жекелеген ойыншылар арасында «Үздік шабуылшы», «Үздік қақпашы» деген аталымдар бойынша марапаттар ұсыну көзделіп отыр.
Ұлан Ораз
Суретті түсірген автор