You are currently viewing Мейірбек – тағы чемпион

Мейірбек – тағы чемпион

  • Post category:Новости

Екі дүркін Қазақстан чемпионы атанған Мейірбек Өтепов – тағдыр тауқыметімен бір аяқ, бір қолынан айрылса да өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған ерік-жігері мықты жан.

Әрі қарайғы өмірін спортпен байланыстырған жерлесіміз бақытсыз оқиғаға дейін Маңғыстау станциясында пойыз құрастырушы еді. Енді мүмкіндігі шектеулі жандар арасында үстел теннисінен чемпион атанып отыр. Орал қаласында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында өткен ел чемпионатынан қоржыны майланып қайтқан оның дайындығы ойынның басынан-ақ білінді. Командалық есепте Ғабит Мырзабаевпен бірге тобына алтын сыйласа, жекелей сында жалғыз өзі тоғыз қарсыласынан үстем шығып, екінші рет еліміздің чемпионы болды. Төрт күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жалпы маңғыстаулық спортшылар жекелей сында 1 алтын, 2 күміс, командалық ойында 2 алтын, 2 қола медаль алды. Арбада отырған спортшылар арасында Мейірбек өткен жылы да өзінің мықтылығын дәлелдеп, ҚР VI спартакиадасының чемпионы атанған еді.

– Чемпионатта қарсыластарымның деңгейі өткен жылғыдан жоғары болды. Десе де, жыл бойы жаттыққан еңбегім зая кетпеді, бәсекелестерім көп болса да 3:0 есебімен жеңіс маған бұйырды. Чемпиондық атағымды қорғап шықтым. Әрі өзіме мол тәжірибе алдым. Ендігі мақсат – Азия ойындарында өнер көрсетіп, бағындыру. Одан әрі қарай 2024 жылы Францияда өтетін олимпиадалық ойындарына қатысып, ел намысын қорғауды армандаймын, – дейді Мейірбек Өтепов.

Айсұлтан Арман,

Суретті түсірген автор