Сұраңыз, жауап береміз!

  • Post category:Новости

Қызметкерлер сауалына «Қазкөліккәсіп» ҚБ еңбек қорғау жөніндегі техникалық бас инспекторы Қайрат Мұқанов жауап берді:

Жұмыс аптасында 40 сағат және 48 сағат жұмыс істегенде негізгі еңбек демалысы неше күн болуы керек? Бұл ретте төлем тек жұмыс күндері үшін ғана жүргізіледі ме, әлде күнтізбелік күндер арқылы есептеле ме?

– Еңбек демалысының ұзақтығы қолданылатын жұмыс тәртібі және ауысым кестесіне қарамастан, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы күндеріне сәйкес келген мереке күндерін санамағанда, күнтізбелік күн бойынша есептеледі. Еңбек демалысының жалпы ұзақтығын есептеу кезінде қосымша еңбек демалыстары негізгі еңбек демалысына қосылады. 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың 6-шы қосымшасында еңбек демалысының ұзақтығы лауазымға сәйкес күнтізбелік күн бойынша қарас- тырылады.

Неге жол бригадирлері жол монтерлері сияқты жеңілдіктерге ие бола алмайды? Олар да монтерлер сияқты үнемі жұмыс істейді емес пе?

– Жол монтерлері зиянды және қауіпті еңбек жағдайындағы жұмыс, ауыр деңгейдегі жұмыс, қызметтер мен мамандықтар, цехтар, өндірістер тізіміне енгізілген. Бұл ретте оларға жыл сайын төленетін қосымша еңбек демалысы мен жалақы көлемін арттыру, жұмыс уақытын қысқарту құқығы беріледі. Сәйкесінше, бригадирлерге де жол монтерлеріне берілген жеңілдіктер көрсетілуі тиіс. Оның үстіне бригадирлер босатылған жұмыскерлер емес, яғни олар да монтерлер сияқты штатта жұмыс істейді, тіпті кейде олардың орнын алмастырады. Сондықтан жол монтерлері пайдаланатын жеңілдік бригадирлерге де тиесілі.

Жұмысшылардың біліктілігін арттыру бойынша аттестациялау кезінде кәсіподақ төрағасы комиссия мүшесі болуы міндетті ме?

– Ұлттық компания Басқарма төрағасының 20.03.2019 ж. 37–Ц бұйрығымен бекітілген «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдіктері мен жұмысшыларын аттестациялау Ережесінде біліктілік арттыру бойынша аттестациялық комиссия жұмысына жұмысшылардың қатысуы қарастырылған. Онда кәсіподақ басшысы міндетті түрде комиссия мүшесі болуы керектігі көрсетілмеген. Демек, комиссия құрамына кәсіподақ өкілі ғана емес, керісінше жұмысшылар өкілдерінің де кіруі мүмкін.

Туған әпкемнен айрылып қалдым, компаниядан қандай көмек алуыма болады?

– 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың IV бөлімі 10 тармағы, 13 тармақшасына сәйкес сізге 3 жұмыс күндік, ақы төленетін қосымша еңбек демалысын алуға болады, алайда бұл ретте материалдық көмек беру қарастырылмайды.

Дайындаған Р.Рахметова