Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі спорт нұсқаушыларының ұйымдастыруымен Қазақстан темір жолының 25 жылдығы және Теміржолшылар кәсіподағы ұйымының 30 жылдығы құрметіне шағын футболдан жарыс өтті.
Сенбі күні Тараз станциясында өткен телімаралық жарысқа барлығы он команда қатысты. Күнұзаққа созылған спорттық сайысқа командалар кілең «сен тұр, мен атайын» мықтыларын алып келгені байқалады. Болат жолдың майталмандары еңбекте ғана емес, спортта да мықты екендіктерін бұл жолы да дәлелдей білді. Шиеленісті де шебер өткен ойын барысында командалар бір-біріне дес бермей, ұзақ арбасты. Нәтижесінде бірінші орынды Жамбыл локомотив пайдалану депосының құрамасы иеленсе, екінші орынды бөлімше аппаратынан жасақталған құрама, үшінші орынды Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясының жігіттері алды. Доп додасының жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен грамоталар берілді. Жекелеген ойыншылар да арнайы марапатталды.
Ерман ӘБДИЕВ, Тараз
Суретті түсірген автор