Шеберлік сынға түсті

Қазақстан темір жолының 25 жылдығына орай Атырау өңірінде кәсіподақ ұйымының қолдауымен шағын футболдан жарыс өтті. Оған 6 команда қатысып, жарыс көрігін қыздырды.

Жүк тасымалы бөлімшесі, Атырау локомотив депосы, осы депоның 3-колонна және 6-колоннадан құралған командалары, Атырау вагон депосы, Вагонсервис, Транстелеком мекемелерінің командалары бір-біріне оңайлықпен беріспеуге тырысып, тартысты ойын кешке дейін созылды. Ұпай саны қақпаға соғылған гол санымен өлшенетін спорттық ойын жанкүйерлері де көп болды. Дегенмен, шеберліктері мен айласын асырған командалар суырылып алға шықты. 1-ші орында Атырау локомотив депосы командасы, 2-ші орынды 3-колонна, ал 3-орынды вагон депосы командасы жеңіп алды.

Сол секілді мереке құрметіне осы күні Мақат станциясында да шағын футбол, кір тасын көтеру, үстел теннисі, армрестлинг, яғни қол күшін сынау спорт түрлерінен жарыс өтіп, оған Мақат станциясы, Мақат локомотив депосы, ШЧ-9, ВЖДО, ВЧДЭ-1 (ПТО), Қамқор-Локомотив, ЭЧ-4 мекемелерінің командалары қатысып, өзара сайысқа түсті. Мұнда да шеберлік сынға түсіп, жеңімпаздар Кубок, диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Қосұйым МҰҚАШЕВ