Вы сейчас просматриваете ВОКЗАЛДАҒЫ АНА ЕСКЕРТКІШІ !

ВОКЗАЛДАҒЫ АНА ЕСКЕРТКІШІ !

Теміржол вокзалдары өткен тарих пен әр кезеңде өмір сүрген адамдардың сан қилы тағдырының куәсі іспетті. Сондай тарихи кезең кейіпкеріне былтыр Мақат станциясы вокзалында ескерткіш қойылды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында
«Боздағын күткен ана» ескерткіші Ұлы Отан соғысына кеткен ұлын өмір бойы күткен Сәнді анаға арналды.

Мақат кентінің бұрынғы әкімі Шәкір Кейкіннің бастамасымен қойылған ескерткіш екінші дүниежүзілік соғыста баласынан айырылған аналардың прототипі десе де болады. Өмірде болған адам – Сәнді Деңгелбайқызы жалғыз ұлын майданнан 30 жыл бойы сарыла күткен. Алайда хабарсыз кеткен жалғызынан бір дерек ала алмай, 1973 жылы 95 жасында өмірден озыпты. Аяулы ананың өле-өлгенше үзілмеген үмітіне куә болған ауылдастары оның өмірін аңыз ғып айтады.
Сәнді әженің інісінің ұлы, Деңгелбаевтар әулетінің ақсақалы Орақ қарияның айтуынша, кейуананың жұбайы 1920 жылы
қайтыс болған, ал содан қалған жалғыз ұлы Нәби Махамбетов 1942 жылдың қыркүйегінде әскерге алынған. Кейін Сталинград майданына кірдік деген жалғыз хат келіпті. Содан кейін хабарсыз кеткен. – Ол кезде Орынбордан қатынайтын жалғыз жолаушы пойызы болды. Апамыз вокзалға келіп сол пойызды күтетін. Әскери киім киген адамдар көрсе қолындағы барын солдаттарға таратып, «Нәбиім де осылай бір жерде жүр ғой» дейді екен. Бауырларының қасында, солардың қамқорлығында өмір сүрсе де, жалғызымды бір көрсем деген арманмен дүниеден өтті, – дейді өмір бойы мұнайшы болып еңбек еткен, партия қызметімен арасында 3 жылдай теміржолда да жұмыс істеген, бүгінде жасы сексенге таяп қалған Орақ ақсақал.
Жалғызынан күдер үзбеген кейуана отыз жыл бойы күн құрғатпай вокзалға келіп тұрған. Пойыздан түскен жолаушылардың арасынан баласын іздеп жүреді екен күнұзақ. Сәнді ананың осынау жанкешті тірлігіне таңқалып әрі аяп қарайтын байырғы теміржолшылар оны ерекше құрметтеген. Вокзал қызметкерлері ылғи көмектесіп, тынығып, тамақ ішуіне жағдай
жасап жүреді екен. Шерлі ананың тағдырын ақындар шығармашылығына арқау етіп, жыр арнаған. Бір жиені ол туралы
баллада жазыпты. – Тоғыз жолдың торабы саналатын Мақат станциясының тарихы 1939 жылдан бастау алады.
Басында Орынбор теміржолының құрамында болды. Шағын ғана станция еді, вокзал ішінде кішкентай ғана ағылшын пеші тұратын, халық соның айналасына келіп, жылынатын, жалпы сол жылдары бұл вокзал көпшілік жиналатын жалғыз орын болды. Байырғы станцияның еліміздің транзиттік тасымалындағы орны бөлек. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдарында
майдан даласына азық-түлік пен киім-кешек, керек-жарақтарды жөнелтіп жататын эшелондар қисапсыз болатын, – деді Орақ ақсақал.
Мақат вокзалындағы биіктігі 4 метрлік ескерткіш бейнеде батысқа көз салып телмірген ананың бейнесі сомдалған. Ескерткіш демеушілердің қаржылай көмегімен орнатылыпты. Келешекте айналасына қоршау салып, гүлзар егу жоспарланып отыр.

Источник


Ұлан ОРАЗ