Жыл сайын жаңа оқу жылының басталуымен Семей ЖТ бөлімшесінде қосымша қарбалас туындайды. Теміржол көктей өтетін елді мекендердегі мектептер мен колледждердің оқушыларын желі бойындағы оқыс оқиғалардан сақтандыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Жуырда «Абайлаңыз, поезд!» акциясы өткізілді.
Желілік полиция қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен акция барысында Семей станциясы бойынша жүргізілетін
іс-шараларға жетекшілік етуші арнайы жұмыс штабы құрылып, қоғамдық қауіпсіздік және басқа да салалардан 18 қызметкер жұмылдырылды.
Акция кезінде тәртіп сақшылары теміржол мекемелерімен бірлесіп жұртшылыққа түсіндіру шараларын жүргізді. Атап айтсақ, тұрғындармен бес мәрте кездесу, әңгімелесулер, теміржол вокзалының қызметкерлерімен екі рет құқықтық түсіндіру және теміржолға жақын орналасқан оқу орындарында тематикалық құқықтық тақырыпта 13 сабақ өткізілді.
Сонымен қатар, түсіндіру-кеңестік көмектер көрсету мақсатында жолаушылар пойыздарында 15 мәрте кездесу ұйымдастырылды. Халыққа арнайы дайындалған буклеттер мен ескертпелер таратылды.
– Бір бұл емес, акция аясында, теміржол мекемелері, «ӘТЖК» қызметкерлерімен бірлесіп 9 рейдтік іс-шара өткізіліп, желі
бойының 20 шақырымына тексеру жүргізілді. Әсіресе, кәмелетке толмағандармен профилактикалық түсіндіру жұмыстары күшейтілді, – дейді Семей станциясындағы ЖПБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Рүстем Әбеуов.
Жалпы аталған акция кезеңінде бөлімше бойынша әртүрлі әкімшілік құқық бұзғандары үшін 67 азамат жауапқа тартылыпты. Оның ішінде теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өткендер мен желі бойына мал жайған азаматтар бар. Бұл орайда арнайы хаттама толтырылып, пойыз қозғалысына қауіп тудырған тұрғындарға 10 АЭК айыппұл салынды.
Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Суретті түсірген автор