Қандыағаш пайдалану вагон депосында «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Тасымалдау процесі дирекциясы» филиалы Батыс өңірі бойынша вагон қараушылар арасында «Үздік вагон қараушы» байқауы өтті.
Атырау, Қандыағаш, Орал, Қазалы, Маңғыстау деполарынан келген мамандар кәсіби шеберлік пен жылдамдықты талап ететін үш кезең бойынша сынға түсті. Шапшаңдықпен бұрандалы емес қосылыстарды жинап, жарыса вагон ақауларын анықтады. Осылайша, өзара тәжірибе бөліскен вагон қараушылар байқау арқылы өндірістегі шұғыл әрекеттерді көрсетті. Техникалық сабақты басқа үлгіде ұсынды.
“Вагон қараушы – теміржол қауіпсіздігінің алдыңғы шебіндегі маман. Қырағылық пен кәсіби шеберлік олардың күнделікті жұмысында шешуші рөл атқарады. Әрбір анықталған ақау – мүмкін болатын апаттың алдын алу. Сондықтан мұндай байқаулар арқылы біз тек үздіктерді анықтап қоймай, қызметтің маңызын да көрсетеміз, – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Тасымалдау процесі дирекциясы» филиалы Батыс өңірі бойынша вагон шаруашылығы департаментінің бастығы Ербол Смағұлов.
Сонымен қатар шараға Батыс өңірі бойынша вагон шаруашылығының басшысы Бауыржан Артық қатысып, қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Вагон шаруашылығы саласында еңбек ететін теміржолшылардың жауапкершілігі өте жоғары екенін атады. Әрбір тексерілген бөлшек, уақытылы анықталған ақау – жолаушылар мен жүктің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі екеніне тоқталды.
Қандыағаш пайдалану вагон депосының басшысы Еркін Жананбаев вагон қараушылар арасындағы кәсіби шеберлік байқауына ерекше сипат берді. Ол өндірістегі маңызды тұстарды тек теориялық біліммен емес, тәжірибе арқылы есте сақтаудың маңызын ескеріп, байқау барысында нақты практикалық тапсырмаларға басымдық берді.
Жананбаевтың бастамасымен өткен бұл шарада вагон қараушылар техникалық ақауларды анықтау, қауіпсіздік талаптарын сақтау, жылжымалы құрамды тексеру секілді кәсіби міндеттерді тәжірибе жүзінде көрсетті. Байқаудың негізгі мақсаты – вагон қараушылардың кәсіби дайындық деңгейін арттырып қана қоймай, өндірістегі ұсақ-түйек болып көрінетін, алайда қауіпсіздік үшін аса маңызды детальдарға назар аударту болды. Шараға Ақтөбедегі басшылық құрам да қатысып, жоғары бағасын берді.
Байқауға Батыс өңірі бойынша 5 аймақтың вагон пайдалану депосының өкілдері белсенді қатысты. Бұл салада салғырттыққа орын жоқ, өйткені бір ғана қателік бүкіл жүйеге, адам өміріне әсер етуі мүмкін екені байқау кезінде анық көрінді.
Бірінші кезеңде қатысушылар 10 минут ішінде 40 сұраққа жауап берді. Екінші кезең – жылдамдық, яғни қосылыстарды жинап жарысса, үшінші кезең өндіріс орнында өтті. Ағыту-жөндеу бекетіне қойылған үш вагоннан мүмкіндігінше көп ақау табу тапсырмасы берілді.
Жеке есеп бойынша 1 орынды Қандыағаш депосының вагон қараушысы Жанат Елеуов иеленді. 2 орын — Қазалыдан Омар Танирбергеновке, 3 орын — Атыраудан Болатбек Жұмабаевқа бұйырды.
Командалық есепте Қазалы депосы үздік атанды, екінші және үшінші орынды Маңғыстау және Орал пайдалану вагон депосының ұжымы өзара бөлісті.
Сонымен қатар шара барысында ардагер теміржолшыларға ілтипат көрсетіліп, олардың сала дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Ардақ Ерубаева, Ақтөбе
